Жүрсін Ерман митингтер мен Ринат Зайытов туралы

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Белгілі журналист, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман елімізде өткен митингтер мен Алматыда халықты жинаған Ринат Зайытовқа қатысты пікір білдірді. Өз сөзінде ол шеруге шыққандардың бәрінің бірдей ниеті түзу емес екенін атап өтті. Сондай-ақ, санкцияланбаған митингке қатысқандар арасынан ішімдікке қызып алғандарды көрігенін де айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ащы суға қызып алғандарды көрдім: Жүрсін Ерман митингтер мен Ринат Зайытов туралы

Еліміздегі митингтерге қатысты желіде видеоүндеу жариялаған Жүрсін Ерман шеруге қатысқандардың кейбірі қандай мақсатпен шыққанын білмейтінін айтты. 

«Бір-екі күн бұрын рұқсат етілмеген шеру болды. Оның бастамашысы біздің әйгілі ақын Ринат Зайытов болды. Рұқсат етілмегеннен кейін, басбұзарлықтар орын алады деп Ринатты қамауға алды. 

Адамдар жиналды, оларды қоршап тұрған қарулы күштерден де көп болды. Солардың бәрі бірдей дұрыс ниетті адамдар емес. Бірі Ринатты қолдауға келсе, енді бірі не үшін келгенін де білмейді. Тіпті, бір адамдардың ащы суға қызып алып жүргенін де өз көзіммен көрдім», – дейді журналист.  

Ерман мырза аталған жағдайлардан кейінгі басты қорытынды халықтың еркіндігін білдіруге құқылы екенін танытқаны және болашақ өзгерістердің іргесі қаланғаны екенін атап өтті. 

«Өркениетте елдерде халықтың тілегін жеткізудің өркениетті жолдары бар. Біз енді тәуелсіз ел болдық. 28 жыл тәуелсіз өмір сүріп отырмыз. Мұнда басты қорытынды – халық өзінің еркіндігін білдіруге құқылы екенін танытты. Болашақ өзгерістердің іргесі қаланды. 

Жиналғандардың арасында біреудің басы жарылып, жазым болып кетсе, бұл жерде Ринат жауап беруге тиісті болар еді. Осының бізге қажеті бар ма? Бірімізді-біріміз арандатып, шеруге шыққаннан не нәтиже шығады?» – дейді ол.

Өз кезегінде журналист халықты сабырлық танытуға және арандатуға ермеуге шақырды.

«Қанша қиыншылық болғанымен, еліміз ілгері басып келеді. Соны сүйініп, бәріміз бас-көз болып, қолдау білдірсек, жарқын күндеріміз алда емес пе?! Сондықтан, ағайын, мен сабыр сақтауға шақырамын. Арандатуға ермейік! Елдің болашағы үшін бәріміз бірге болайық!» – деп түйіндеді Жүрсін Ерман.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, Ринат Зайытов санкцияланбаған митингке қатысқаны үшін тұтқындалған. Құқықты түсіндіру жұмыстарынан кейін үйіне жіберілген. Жиналған қауым Зайытовтың үйіне кеткенін естісе де, тарқамай, ақынды алдына алып келуді талап еткен. Айтыскер сол жерде халықты заңды бұзбауға және құқық қорғау органдарының айтқанын істеуге шақырды. 

stan.kz

Загрузка...