«Жұмыстан заңсыз шығарды»: Теңіз кенішінде жұмысшылар тағы да бас көтерді — Қазақстан жаңалықтары

0

Атыраудағы Теңіз кенішінің жұмысшылары тағы да бас көтерді. Бірақ бұл жолы олар «бізді жұмыстан заңсыз шығарып отыр» деп наразылықтарын білдіруде. Олар екі айдан бері жұмыссыз сенделіп жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Евразия 1» арнасына сілтеме жасап.

тенгиз

Елді дүр сүлкіндірген Теңіз кенішіндегі даудан кейін барлық қызметкерлерге демалыс беріліп, жұмыс уақытша тоқтатылған болатын. Сол кезде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жұртқа бәрін өз бақылауында ұстауға уәде еткен еді. 

Алайда, компания қызметкерлері жұмысшыларға хабарласып, келісімшарттың бұзылғанын хабарлаған. Енді 200-ге жуық адам не істерін білмей сандалып жүр. 

Жұмысшылардың арасында басында кредиті барлары бар. Ендігіде олар бала-шағамызды қалай бағамыз деп отыр. 

Олардың айтуынша, басқа фирмаларға осы компания жұмысшыларын «жұмысқа қабылдамаңдар» деген сыбыс да шығып жатқан көрінеді. 

Ал Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясының бөлім басшысы Кемел Иманғалиев бәрі заңды түрде жүріп жатқанын айтады. 

«Жұмысшылардың келісімшарттары белгілі бір жұмыстың аяқталуына дейін жасалған. Егер де ол жұмыстың аяқталатын уақыты келген жағдайда жұмыс беруші еңбек шартын бұзуға құқылы», – дейді ол. 

Десе де, бір күнде нәпақасынан айрылған жұмысшылар мұның заңды екенімен еш келіспейді. 

Еске салсақ, оның алдында WhatsАpp-та тараған қазақ қызы мен Ливия азаматының суреті үшін Атырауда мұнайшылар көтеріліске шыққан болатын. 

stan.kz