Жерорта теңізінде апатқа ұшыраған жүзден аса босқын құтқарылды

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Грекия жағалауына жақын теңізде Marella Discovery круиз лайнері 111 мигрантты құтқарды. Олардың арасында кәмелет жасына толмаған 33 жасөспірім бар. Бұл туралы 21 шілдеде грекиялық жағалау күзеті хабарлады.

Италияға бет алған босқындар мінген қайық Грекияның Пелопоннес түбегінен 40 миля қашықта суға бата бастаған. Құтқарылған мигранттар қай елдің азаматтары екені айтылмайды. Қазір олардың барлығы грек портына жеткізілген.

«Шекарасыз дәрігерлер» және SOS Méditerranée қайырымдылық ұйымдары Жерорта теңізіндегі құтқару жұмыстарын қайта жандандыратынын хабарлап отыр. Шілденің аяғында бұл жұмысты Ocean Viking кемесі жүргізеді. Ол Гибралтар мен Панама туының астында жүріп-тұруға рұқсатынан айрылып қалған Aquarius кемесінің орнына теңізге шығады.

«Шекарасыз дәрігерлер» ұйымы Жерорта теңізінің орта бөлігі – босқындар үшін ең қауіпті маршрут екенін ескертеді. Мәселен, 2019 жылы сол аймақ арқылы өтпек болған 426 адам қазаға ұшыраған. Арасында балалар да болған.

Azattyq

Загрузка...