Жапон парламенті жоғарғы палатасына сайлауда билеуші партия озды

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Жапонияда 21 шілдеде парламенттің жоғарғы палатасына өткен сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша, премьер-министр Синдзо Абэнің билеуші блогык жеңіске жетті. Осылайша Абэ Жапония тарихында билікте ең ұзақ уақыт отырған премьер болады.

Абэ жетекшілік ететін либерал-демократиялық партия мен оның коалиция бойынша серіктесі парламенттің жоғарғы палатасындағы 124 мандаттың жартысынан көбін иеленген. Алайда, жергілікті басылымның жазуынша, билеуші блок пен одақтастары Жапония конституциясындағы «пацифистік» 9-бапты қайта қарау процесін бастауға қажетті үштен екі дауысқа ие бола ма деген мәселе әлі өзекті болып отыр.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1947 жылы америкалық оккупациялық билік енгізген бұл бап әлі күнге шейін өзгерген жоқ. Онда Жапония мемлекеті халықаралық дауды шешуде соғысу құқығынан бас тартатыны, сондықтан толық көлемді әскери іс-қимыл жасауға қабілетті қарулы күштер жасақтамайтыны жазылған.

Тоғызыншы бап ресми түрде қайта қаралмағанымен, бұған дейін билікте болған үкіметтер Жапонияның өзін өзі қорғай алатын әскери күш ұстауға құқы бар деп түсіндіріп келген.

Абэ бастаған билік 9-бапты өзгерткісі келеді. Алайда оппозиция ондай реформа жапониялық салық төлеушіге тым қымбатқа түсетінін және бапты өзгерткен соң Жапонияға Вашингтонның қауіпті геосаяси жобаларына араласуға тура келетінін айтып, қарсылық білдіріп отыр.

Бұл жолғы сайлауға тізімдегі сайлаушылардың жартысына жуығы қатысқан. Сайлаудың түпкілікті қортындысы дүйсенбі, 22 шілдеде жарияланады.

Azattyq

Загрузка...