«Жанында алты айлық сәбиі жатты»: Алматылық полицейлер 20-қабаттан секірмек болған келіншекті құтқарды – Қазақстан жаңалықтары

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Алматыда полиция қызметкерлері 20-қабаттан секірмек болған келіншекті құтқарып қалды. Оның неліктен өзіне қол жұмсамақ болғаны белгісіз. Полиция мән-жайды анықтап жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі қалалық ПД-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оқиға «Манхэттен» тұрғын үй кешеніндегі көпқабаттың үйлердің бірінде орын алған. Тұрғындар «102» пультіне тұрғын үйлердің бірінің 20-қабатының балконында келіншектің отырғанын, өзіне қол жұмсамақ екенін хабарлапты. Полицейлер бірден аталған мекенжайға аттанған.

Оқиға орнына жеткен полицияның аға лейтенанты Саят Бекжанов пен лейтенант Нұрсұлтан Бектұрсын бірден тұрғын үйдің 20-қабатына көтерілген. 

«Оқиға орнына жеткенде балконның шетінде отырған әйелді көріп, асығыстық таныту керек екенін түсіндік. Балконға қарай аяңдап бастық. Келіншек балконның шетінде отырды. Жанында тұрған балалар арбасында кішкентай сәби жатты.

Көршілері әйелдің көңілін бөліп, райынан қайтармақ болғаны жақсы болды. Біз жағдайды бағалап, бірден жүгіріп барып, келіншекті балконның шетінде отырған жерінен шығарып алдық», – дейді аға лейтенант Саят Бекжанов.

Полиция қызметкерінің сөзінше, келіншек неліктен өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы сұраққа жауап бере алмаған.

«Ол тек жылай берді. Оны құшақтап, тыныштандырмақ болғанымда, еңіреп жылап жіберді. Қиындықтары бар екені түсіндік. Бірақ ең қорқыныштысы артты қалған еді. Бастысы, анасы мен осы уақыт бойы балалар арбасында жатқан алты айлық ұлына қауіп төніп тұрған жоқ», – дейді Саят Бекжанов. 

Осылайша, патрульдік полиция қызметкерлері 26 жастағы келіншектің өзіне қол жұмсауына жол бермей, аман алып қалды. Келіншектің алты айлық сәбиі бар. Ал күйеуі басқа қалада жұмыс істейді екен. 

Қазіргі уақытта полицейлер жас ананы мұндай қадамға не итермелегенін анықтап жатыр. Келіншекпен психолгтар жұмыс істеуде.

stan.kz

Загрузка...