Жамбылда балабақша кезегіндегі 3-6 жасар балалар саны 7 мыңға азайды

0

2018 жылғы 7 желтоқсан 09:53 416

Жамбылда балабақша кезегіндегі 3-6 жасар балалар саны 7 мыңға азайды


 
ТАРАЗ. ҚазАқпарат — Жамбыл облысында жыл басынан бері 3822 орындық 39 балабақша ашылған. Жыл соңына дейін тағы 23 мектепке дейінгі мекеме ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы арқылы балабақша кезегіндегі 3-6 жасар балалар саны өткен жылмен салыстырғанда 7 мыңға кеміп, 1873-ті құрап отыр. 

Бүгінгі таңда облыстағы 508 мектепке дейінгі білім мекемесінде 53 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Оның 358-і — балабақша, 150-і — шағын орталық. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 26,2 пайызы (133 ұйым) — жекеменшік. Бұл туралы «Мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру» атты облыстық конференцияда жан-жақты айтылды. Шара барысында «Балабақша — дәстүрлер мен инновациялардың бастауы» тақырыбында көрме ұйымдастырылды.

Елбасы Н. Назарбаев 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту мәселесін айрықша атап өткені белгілі. Бұл мақсатта арнайы Жол картасының жобасы әзірленіп, Білім және ғылым министрлігі тарапынан талқылануда. Аталған жиында сөз алғандар осы орайдағы орамды ойларын ортаға салды. 

«Жол картасы аясында мектепке дейінгі білім ұйымдарындағы педагог қызметкерлердің біліктілігін көтеру, тәрбиешілердің жалақысын көбейту жоспарланған. Педагогтардың кәсіби өсуі мен әдістемелік дайындығы — бүгінгі таңдағы аса өзекті мәселе болып отыр. Өйткені, білім беру жүйесінде инновациялық өзгерістер өте көп. Өңірде 6 мыңнан астам балабақша педагогтары бар. Оның 46,5 пайызының «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша жоғары және арнайы орта білімі бар. Бұл көрсеткіш республикада 45,8 пайызды құрайды. Елбасы Жолдауында мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың өмір қауіпсіздігін сақтау мәселесі де көтерілді. Қазіргі уақытта облыстағы балабақшалардың 99,7% бейнекамерамен жабдықталған», — деді  Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының бөлім басшысы Саясат Есеев.

Саясат Керімбекұлының сөзінше, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесі өткен жылмен салыстырғанда 90,2 пайыздан 97,1 пайызға өскен. Жыл соңына дейін оны 98 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш республикада — 95,2 пайыз.

Айта кету керек, келер жылы 29 балабақша ашып, 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту көзделіп отыр.  

Жамбылда балабақша кезегіндегі 3-6 жасар балалар саны 7 мыңға азайды 

Ғибрат Сембай