Жамбыл облысында имаммен дауласқан тұрғын әкімшілік жазаға тартылды

0

Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны «діни қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін» әкімшілік жазаға тартылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
17 қаңтарда Шу аудандық соты осы аудан тұрғыны Бағдат Бақтыбаевқа Әкімшілік кодекстің 490-бап, 2 тармағы («Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу») бойынша 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (132 550 теңге немесе шамамен 350 доллар) айыппұл салды. Істі судья Е.Ілиясов қараған.

Ақпарат бойынша, дауға түрткі болған оқиға 3 қаңтарда Шу қаласындағы орталық мешітте болған. Жауапкердің айтуынша, жұма намазынан кейін ол мешіт имамы Қуат Үрпекбаевтан «неге өзге елдің имамдары сияқты Қытайдағы қазақтардың мәселесін айтпайсыңдар?» деп сұрақ қойған. Осыдан кейін екі арада дау туындаған.

Бұл істе жәбірленуші ретінде танылған Қуат Үрпекбаевтың айтуынша, Бақтыбаев оған екі сұрақ қойған. «Мұсылман өлімі» туралы алғашқы сұрағына жауап беруге уақыты болмаған.

– Намаз уақыты болғандықтан әрі ұзақ уақыт жауап беруді қажет ететін сұрақ болғандықтан кейінге қалдырдым. Осыдан кейін ол [Бақтыбаев – ред.] айқайлап, Қытайдағы қазақтар мәселесін айтты. Жанындағы адамдар видеоға түсірді. Мешіт саяси дүниелер айтатын орын емес. Біздегі уағыз тақырыптардың барлығы ҚМДБ (Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасы) арқылы бекітілген, – деді Қуат Үрпекбаев 17 қаңтарда Азаттық тілшісіне.

Ал аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Райхан Асанғазиеваның айтуынша, «мешітте тәртіпті бұзғаны үшін» Бақтыбаевтың үстінен хаттама толтырылған. Оның айтуынша, Бақтыбаев имамға «балағат сөздер» айтқан.

Ал сот шешімімен келіспеген Бағдат Бақтыбаев оны апелляцияға беретінін айтты. Ол дауласқан кезде «шакал» (қорқау қасқыр) сөзін қолданғанын растайды.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз