Заң жобасы табиғи монополиялар тиімділігін арттыруды көздейді

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Алдымен Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен әзірленген «Қазақ­стан Республикасының сот жүйесі және су­дья­лардың мәртебесі туралы» конститу­циялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және осыған ілеспе «кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары туралы қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді. Бұлар туралы Заңнама және сот-құқықтық реформа ко­митетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров баян­дады. Сондай-ақ «Каспий теңізінің құқық­тық мәртебесі туралы конвенцияны рати­фикациялау» және Қазақстан мен Беларусь Рес­публикалары үкіметтерінің арасын­дағы өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйым­да­рының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобаларына қорытынды әзірлеу жөніндегі хабарламаны Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман баяндап, қорытынды әзірлеу туралы шешім қабылданды. 

Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамалов «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңның жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер жөнінде баяндап, олармен келісуді ұсынды. Бұл ұсынысты Мәжіліс бірауыздан мақұлдады. 

Жалпы отырыста қаралған «Табиғи моно­полиялар туралы» заң жобасы жөнінде Ұлт­тық экономика министрі Тимур Сүлей­менов баяндама жасады. Ол алдымен табиғи монополиялардың бүгінгі жай-күйімен та­ныс­тырды. Соның ішінде табиғи монополия­лармен жасалған жұмыс нәтижесінде жылу, су жеткізу және электр қуатымен жабдықтау салаларындағы 32 монополист тарифтерді 20,3 млрд теңгеге төмендету туралы шешім қабыл­дағанын атап өтті. Ал ұсынылып отыр­ған заң жобасы бойынша министр инвестиция тарту, операциялық шығындарды төмен­детуге ынталандыру, субъектілер қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыру көзделетінін атап өтті. 

Баяндама аяқталған соң депутаттар оған бірнеше сұрақтарын берді. Соның ішін­де табиғи монополистердің мемлекеттік ор­гандарға жыл сайын берілетін есептері, бұқаралық тыңдаулар мәселесіне қатысты көп­теген сұрақтар болды. Мәселен, бұқаралық тыңдаулар жасалғанымен оның шешімін орындату жөнінде заңнамалық тетіктер заң жобасында қарастырылмағаны сыналды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық табиғи монополиялардың таза пайданы негізгі активтерді жаңғыртуға жұмсамайтынын сынағанын еске алды. Осыған байланыс­ты Спикер Ұлттық экономика министрлігі монополиялардың таза пайданы тек тұтынуға жұмсамай, өндіріске де тиімді пайдалануын қа­дағалау функциясын алғаны жөн деген пі­кірін білдірді. Сонымен қатар ол заң жо­басында «бұқаралық тыңдаулар» не­гі­зі­нен хабарландырулар беру мерзімін бел­гі­леуге байланысты ғана айтылатынына на­зар 

аударып, оның нәтижелері туралы еш­те­ңе ай­тылмағанын атап, осы тұрғыдан тариф­терді белгілеуде оның ескертпелерін ұмыт­пай, жобаны жетілдіре түсу керектігін ескертті. 

Заң жобасы туралы қосымша баяндама жасаған Экономикалық реформа және өңір­лік даму комитетінің хатшысы Меруерт Қаз­бекова құжат табиғи монополиялар туралы заңнаманы жетілдіруді, олардың қызме­тінің тиімділігін арттыруды, әкімшілік кедер­гілерді қысқартуды және уәкілетті орган мен табиғи монополиялар субъектілері қыз­метінің ашықтығын көздейтінін айтты. Со­нымен бірге заң жобасы тариф белгілеу тетіктерінің және инвестициялық міндетте­ме­лерді орындау мониторингінің ашық болуын арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі түзетулер енгізетінін жеткізді. Қысқа тал­қы­лаудан кейін заң жобасы толық мақұлданды. 

Күн тәртібі бойынша қаралған мәселе­-

лердің арасында көбірек сұрақ ту­дыр­ған заң жобасы «Қазақстан мен халықаралық Қайта Құру және даму банкі арасындағы №8156-КZ Қарыз туралы келісімге (Шығыс-Батыс автомобиль жолдарын дамыту жобасы (Алматы-Қорғас учаскесі): Батыс Еуропа – Батыс Қытай халық­аралық транзит дәлізі (ОАӨЭЫ 1b) түзе­ту­лерге қатысты Қазақстан мен халық­аралық Қайта Құру және даму банкі арасын­дағы келісім-хатты ратификациялау туралы» құжат болды. Заң жобасы туралы баяндаманы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жасап, бұл құжат 2018 жылдың 23 мамырында Астана қаласында жасалған келісім-хатты ратификациялауға бағытталғанын жеткізді. Қарыз туралы келісімге енгізілетін түзетулер «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің 297 шақырымдық «Балқаш-Бурылбайтал» учаскесін қосуды көздейтіндігі айтылды. Біршама талқылаудан кейін заң жобасы мақұлданды. 

Сондай-ақ жалпы отырыста «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысы туралы келісімді ратификация­лау туралы» заң жобасы да талқыланып, мақұлданды. Бұл келісім одаққа мүше елдер арасында ЕАЭО шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысын қамтамасыз етуді көздеп, 2017 жылдың 7 қарашасында Мәскеу қаласында жасалған. 

Жалпы отырыста үш заң жобасы екінші оқылымда қаралып, бас комитеттердің ұсынысымен тұтастай мақұлданды. Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң депутаттар орталық атқару органдарына өздерінің сауалдарын жолдады.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»

Загрузка...