Үздік мұғалімдерге жалақыдан бөлек 2,5 миллион теңгеден беріледі

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Бүгін – мұғалімдер күні. Қазақстанда осы мейрам жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді

НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан – Sputnik, Арман Асқар. Кәсіби мерекеге орай «Үздік педагог – 2019» республикалық байқауының қорытындысы да шығарылған болатын. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген 2019 жылдың үздік ұстаздары осы дәрежеге жетудің құпиясымен бөлісті.

Биылғы конкурсқа республика бойынша 4 мыңға жуық педагог қатысты. Олардың ішінен 633 ұстаз облыстық турға өтсе, финалда 178 педагог бас сынасты. Сөйтіп, 64 адам үздік ұстаз атанған болатын. Жеңімпаздарға арнайы төсбелгі мен марапаттау қағазы табысталды. Бұдан бөлек, әрбіреуіне 1000 айлық есептік көрсеткіш (2 миллион 525 мың теңге – Sputnik Қазақстан) көлемінде сыйақы беріледі.

«Интернет бәрімізді теңестірді»

Жеңімпаздардың ішінде Түркістан облысының Созақ аудандық мектеп-гимназиясының информатика мұғалімі Роман Қадырқұлов та бар. Оның еңбек өтілі 20 жылдан асып кетті. Бірінші болып информатикадан оқулықты қазақ тілінде жазып шықты.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Информатика пәнінің мұғалімі Роман Қадырқұлов марапаттау кезінде көзіне жас алғанын айтады

«Соңғы үш жылдың ішінде мен жаңартылған білім мазмұны бойынша алты оқулық жаздым. Қазір сол оқулықтар бойынша республика мектептерінде сабақ беріледі. Негізі, осы саладағы оқулықтардың көбі аудармамен жазылады, яғни орысшадан қазақшаға жиі аударылады. Мен болсам, таза қазақ тілінде жазып шықтым. Содан барып оны орысшаға аударды. Қазақшадан орысшаға аударатындар аз екен. Ондай адамды әзер таптық қой», – деді Қадырқұлов.

Бүгінде Роман Аулауұлы мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін де атқарып жүр. Ал оның шәкірттері республикалық олимпиада деңгейінде жүлделі орындарды жеңіп отырады.

Тағы оқыңыз: Білім министрі қай мұғалімді үлгі тұтатынын айтып берді

«Мен өзім марапаттау кезінде көзіме жас алдым. Осы жетістікке қандай еңбекпен келдім? Не істедім? Қанша ауыртпалық болды? Бәрін еске алып жатырмын. Сөйтсем, 20 жылдың ішінде мен дайындаған 51 оқушы байқауларда бірінші орын алып, жүлдегер атанды. 25 бала облыстық деңгейде топ жарды. Республикаға шыққандар да аз емес. Мысалы, облыста үш қазақ-түрік лицейі және сегіз «Дарын» мектебі бар. Солардың бәрін жеңіп отырдық. Бізде қарапайым ауыл мектебі ғой», – дейді Қадырқұлов.

Ұстаздың айтуынша, бүгінде интернеттің арқасында қала мен ауыл мектебінің мүмкіндігі теңесіп отыр. Осының бәрін тиімді пайдалана білу керек. Бастама көтеріп, бар ынтамен жұмыс істеген дұрыс. Сонда нәтижесі де болады.

Шаблонмен жұмыс істемеу керек

Ақтөбе қаласының №9 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Татьяна Михайлова да үздіктердің қатарынан көрінді. Ол ұстаз жолын таңдағанына бірде-бір рет өкінген емес.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Бастауыш сынып мұғалімі Татьяна Михайлова ұстаз жолын таңдағанына бірде-бір рет өкінген емес

«Мен бала кезімнен мұғалім болуды армандадым. Әрине, алғашқы мұғалімнің әсері де болды. Әлі есімде, үйге келгесін қуыршақтарымды отырғызып, сабақ өткізетінмін. Сөйтіп, дәл сол бастауыш сынып мұғалімі мамандығын таңдадым. Отбасымызда педагог болған жоқ. Барлығы – теміржолшылар. 23 жылдың ішінде мұғалімдікті таңдағаныма өкінген емеспін», – деді Михайлова журналистерге берген сұқбатында.

Михайлованың жеке жетістіктері аз емес. Бұған дейін облыс бойынша екі мәрте үздік мұғалім атанған болатын. Аймақ басшысының сыйақысын алды. Аттестация бойынша шебер-педагог дәрежесін алып шыққан. Осыдан алты жыл бұрын «Қазақстанның білім беру саласына еңбегі сіңген қызметкері» атағына ие болды. Әдеби оқу бойынша оқулық жазып шықты. Биыл Татьяна Михайлова магистратураны тәмамдаған.

Тағы оқыңыз: Мұғалімдер бірқатар жеңілдіктен қағылды – министр себебін түсіндірді

«Меніңше, мұғалім ең алдымен ата-аналармен тіл табыса білуі керек. Сосын авторитарлы стиль болмауы тиіс. Барлығымен бірдей сөйлескен дұрыс. Өзара түсіністік пен құрмет болса, жұмыс та жүреді. Әрине, жалақы үшін емес, мамандық үшін жұмыс істеу керек. Өзім бір шаблонмен жұмыс істегенді ұнатпаймын, үнемі жаңалық іздеп, соны күнделікті жұмысқа енгізуге тырысамын. Бәлкім, соның нәтижесінде бүгінгі дәрежеге жеткен шығармын», – деді Михайлова.

Болашақты ойлаған адам сапалы білім береді

Қызылорда облысының Еркін Әуелбеков атындағы №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының физика-математика мұғалімі Гүлзина Бекмұхаметова осы салаға 33 жыл бұрын келген. Бүгінде шебер-педагог санатына құжат тапсырып қойған. Аттестацияға қатысып, 93 ұпай жинады. Сонымен қатар, «Үздік педагог – 2019» республикалық байқауына қатысып, жеңімпаз атанып отыр.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Қызылордалық ұстаз Гүлзина Бекмұхаметова тоғыз кітап жазған

«Мен бұл конкурсқа алғаш рет қатысып отырмын. Алдымен мектептің ішінде, одан кейін облыстық іріктеу болды. Сөйтіп, республикалық байқауға жолдама алдық. Мұғалімдерге айтарым, аянбай еңбек ете беріңіздер. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» демекші, еңбектің жемісін міндетті түрде көресіздер. Мәселен, менің балаларым 14 ғылыми жобаны ұтып алды. Өзім кітап пен оқулық шығардым. 9 кітабым бар. Менің жеңісім барлық ұстаздар қауымының еңбегі деп білемін», – дейді Бекмұхаметова.

Ал Еркебұлан Ертаев Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылшаруашылық колледжінде ветеринарлық пәндер бойынша сабақ береді. Еңбек өтілі – 9 жыл. Оның айтуынша, үздік ұстаз атану үшін талап керек. Ал болашақты ойлаған мұғалім сапалы білім беруге тырысады.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Еркебұлан Ертаев үздік ұстаз атанудың құпиясымен бөлісті

«Ең бірінші таудай талап керек. Алға нақты мақсат қоя білу керек. Сол мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етсеңіз, мұратыңызға жетесіз. Шаршасаңыз, алдағы мақсатты еске түсіріп, ары қарай жұмыс істей беру керек. Сонда нәтижесі де болады. Енді, біз болашақты армандап, бәрі жақсы болсын деп тілейміз ғой. Қазір балаларды қалай тәрбиелеп оқытсақ, болашақта дәл солай өмір сүреміз. Сондықтан болашақты ойлайтын адам сапалы білім беруге тырысады», – дейді Ертаев.

Сайтымызда «Үздік педагог – 2019» республикалық байқауында жеңіске жеткен мұғалімдердің толық тізімі жарияланған болатын.



sputniknews.kz

Загрузка...