Үш қабатты коттеджі барлар да 21 мың алған: Сапарбаев шұғыл тапсырма берді

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Министр еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік көмек алушылар жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде — Sputnik. Шымкентке жұмыс сапары аясында Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмек, жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамту және басқа да әлеуметтік-еңбек саласының мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Еңбек министрлігі басшысының мәліметінше, бүгінде Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатын 291 мың отбасы немесе 1 миллион 450 мың адамға 87 миллиард теңге төленді. Бұл ретте АӘК алушылардың 38% -ы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары.

Тағы оқыңыз: Сапарбаев «21 мың алатындардың санын қысқартамыз» деген сөзін түсіндірді

Министрдің мәліметінше, республика бойынша еңбекке қабілетті 85 мың АӘК алушының тек 32,5 мыңы немесе 38 пайызы ғана әлеуметтік келісімшарттар жасасқан. Түркістан облысында бұл көрсеткіш 29 пайызды, Шымкент қаласында-9 пайызды құрайды.

«Кейбір жұмысқа қабілетті азаматтар АӘК-ті алғысы келеді, бірақ жұмыс істеуден бас тартады. Еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылармен міндетті түрде олар жұмысқа орналаса алатын, жаңа мамандықтар мен бизнес жүргізу негіздерін оқитын, гранттар мен жеңілдетілген микрокредит алатын әлеуметтік келісімшарттар жасау керек. Масылдыққа жағдай жасауға болмайды, сондықтан тиісті өзгерістер ережеге енгізіледі»,- деді Сапарбаев.

Сондай-ақ, ведомство басшысы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу кезінде заң бұзушылықтарға жол берілмеуін талап етті.

«Біздің мамандарымыз «E-Халық IP-де» тіркелмеген төлемдер, артық төлемдер, екі еселенген төлемдер, учаскелік комиссияның тексеруінсіз АӘК тағайындау сияқты бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Мысалы, меншігінде үш қабатты коттедж бен автокөлігі бар азаматтарға АӘК төленіп кеткен жағдайлар да болған», – деп атап өтті еңбек министрі.

Оның айтуынша, бұл бюджет қаражатын заңсыз пайдалану болып саналады және оған жауапкершілік көзделген.

«Әкімдіктерге жергілікті жерлерде бақылауды күшейту керек», – деп түйіндеді ол.  



sputniknews.kz

Загрузка...