ҰҚК «Жаркенттіктер» қылмыстық тобы туралы айтты

0

Тәртіп сақшылары ұстағанға дейін күдіктілер бірнеше жыл бойы шетелде жасырынып келген. Олар халық тұтынатын тауарлар контрабандасымен, ақша бопсалаумен, алаяқтықпен айналысқан.

АЛМАТЫ, 12 қараша — Sputnik. Трансшекаралық қылмыстық топтың екі басшысы бопсалаушылық, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және пара бергені үшін сотталды.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың басым бөлігі – 27 адамға сот үкімі 2016 жылы шықты. Ол кезде шекара және кеден қызметінің бірқатар лауазымды тұлғасы бас бостандығынан айырылды. Алайда топтың басшылары Ж. Бегімбетов пен М. Ниязов жасырынып жүрді.

Оларды ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тек 2018 жылы қолға түсірді. Қыркүйек айында Интерполмен Ниязов Қырғыстанда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Екі айдан соң Алматы облысында Бегімбетов ұсталды.

Істі тергеу аяқталған соң екеуінің де ісі Талдықорған қаласының мамандандырылған өңіраралық сотына тапсырылды.

«Бегімбетов Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі (қылмыстық құқықбұзушылыққа қатысушылардың түрлері), 194-бабы 4-бөлігі (қорқытып алу), 262-бабы 1-бөлігі (ҰҚТ құру және оған қатысу) көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған қауіпсіздік деңгейі орташа қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде жазасын өтеумен 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды», — деп жазылған ҰҚК баспасөз қызметінің ақпаратында.

Ниязов 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылады. Оған Қылмыстық кодекстің 367-бабы 4-бөлігі (пара беру), 392-бабы 1-бөлігі (шекарадан қасақана заңсыз өту) көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Тағы оқыңыз: Шымкенттіктерді үрейде ұстаған қылмыстық топ арнайы операция кезінде ұсталды

2015-2016 жылдары ұлттық қауіпсіздік комитеті «Жаркенттіктер» трансшекаралық қылмыстық тобы әрекетінің жолын кескен болатын. Олар халық тұтынатын тауарлар контрабандасымен, ақша бопсалаумен, алаяқтықпен айналысқан.

2016 жылы топтың 27 қатысушысы, оның ішінде оларға қамқорлық жасаған кеден қызметінің лауазымды адамдары әртүрлі мерзімдерге бас бостандықтарынан айырылған болатын. Алайда олардың жетекшілері Ж. Бегімбетов пен М. Ниязов қылмыстық қудалаудан жасырынып, оларға қатысты халықаралық іздестіру жарияланған.



sputniknews.kz