Ұлы даланың жеті қыры. Біз өндіріс түрлерін әлемге танытуды мақсат қылуымыз қажет – Сабильянов

26

Астана, BAQ.KZ. Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласы жарық көрген болатын. Осы мақалаға орай ҚР Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов өз пікірін білдірді. Депутаттың пікірін қаз-қалпында бердік.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – түп-тамырымызды, шыққан тегімізді, мәдени жетістіктерімізді, тарихи жәдігерлерімізді қамтыған мағыналы, маңызды мақала. Ұлы даланың жеті қыры – бұл біздің ежелден қалыптасқан салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, өнеріміз, өндірісіміз болғанын, өркениеттің өзіндік өрнегі болғанын көрсететін құндылық. Әсіресе мақаладағы атқа міну мәдениеті арқылы қазақ халқының ту ұстаған жауынгер бейнесі, батырлығы, қайсарлығы, ептілігі және айбарлы атты әскеріміздің қалай қалыптасқаны жан-жақты көрсетілген.

Сонымен қатар, Елбасының осы мақаласында қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылғандығы жайлы жазылған. Мысалы, мақалада қазақ жерінде металлургия саласының, өндіріс ошақтарының пайда болып, жұмыс істегені, металдарды өндіру ісінің қалыптасқаны, біздің елде технологияның қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетіледі.

Біз бұл мысалдарды үлгі ретінде қарастырып, қазіргі қазақ елі көптеген жаңа, пайдалы бұйымдар мен өндіріс түрлерін әлемге танытуды мақсат қылуымыз қажет.

Кино өнерін одан әрі дамыту, жаңа тарихи теле-кино туындыларын жасау, балаларға, өскелең ұрпаққа ұлт қаһармандарын үлгі тұту, фильмдер шығару – халқымыздың рухани жаңғыруында, мемлекетіміздің дамуында алатын орны зор, маңызды іс болмақ. Өйткені жерімізді, тілімізді, мәдениетімізді, өнерімізді, тәуелсіздігімізді сақтай отырып, халқымыздың қабілетін көрсете отырып, біз дамыған елдер қатарына қосыла аламыз.

Сондықтан да өшпес ерлігімен, еселі еңбегімен ерекшеленген азаматтарды ұрпағымызға үлгі ретінде дәріптеуіміз керек. Ал осындай еңбегі, ерлігі – елге мұра, ұрпаққа үлгі азаматтарымыз еліміздің тарихында өте көп.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ