Үкімет «жәрдемақы үшін ажырасқандардың» мәселесін талқылады

0

31 мамырда Нұр-Сұлтанда еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жиын өткізіп, «үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ажырасып жатқандардың» мәселесін талқылады.

«Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке және президент әкімшілігіне алаяқтықты тоқтату үшін цифрландыруды жеделдетуді тапсырды. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға мүдделі барлық мемлекеттік органдар қысқа мерзімде ұйымдасып, толық заңдылықты сақталуын қадағалау керек» деді Сапарбаев.

Жиынға Жоғарғы сот, Әділет министрлігі, ІІМ, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері қатысты.

Бұған дейін Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов Tengrinews.kz ақпарат агенттігіне «кейбір тұрғындар жәрдемақы алуы үшін өтірік ажырасып немесе өтірік жоғалып кетіп жатқанын» айтқан. Асанов «атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында алаяқтық жасаған» адамдар жазаға тартылатынын ескерткен.

30 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында «атаулы әлеуметтік көмек алу үшін көп балалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кеткенін» жазған. Ол үкіметке алаяқтықты тоқтату үшін шара қабылдауды тапсырған.

Azattyq