Үкімет болашақ ұрпақтың «қалтасынан» қанша ақша алатынын айтты

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Президент Тоқаев Ұлттық қордың ақшасын болашақ ұрпаққа сақтап қалу үшін одан қаржы алуды азайтуды тапсырған болатын  

НҰР-СҰЛТАН, 23 қазан – Sputnik. Бүгін мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, 2020-2021 жылдары Ұлттық қордан республикалық бюджетке алынатын трансферт 2 триллион 700 миллиард теңге көлемінде болады. Ал 2022 жылы аталған сома 100 миллиард теңгеге төмендеп, 2,6 триллион теңгені құрайды деген жоспар бар.  

Тағы оқыңыз: «Негізсіз шығындарды қысқарту керек». Тоқаев бюджетке қатысты тапсырма берді 

Осы орайда депутат Амангелді Дәуренбаев маңызды бір мәселені еске түсірді. Оның сөзіне қарағанда, 2017 жылы республикалық бюджет қаралғанда үкімет мүшелері 2020 жылдан бастап кепілдендірілген трансферт мөлшерін 2 триллион теңгеге дейін төмендетуді көздеген болатын. Ал келесі жылы ол жоспарды тағы бір жылға шегерген.

«Енді, бүгінгі заң жобасында өзіңіз айтқандай, 2022 жылдан бастап 2,6 триллион теңгеге, яғни 100 миллиардқа ғана төмендеп отыр. Демек, үкімет кепілдендірілген трансферт көлемін төмендете алмады. Мемлекет басшысы биылғы жолдауында 2022 жылдан бастап кепілдендірілген трансферт көлемін 2 триллион теңгеге дейін біртіндеп төмендетуді тапсырды. Сіздер президенттің тапсырмасын қалай орындамақсыздар және қай жылдан бастап кепілдендірілген трансферт көлемін 2 триллион теңгеге түсіресіздер?», – деді Дәуренбаев.

Министр Дәленов аталған жоспардың тек 2025 жылда ғана орындалатынын жеткізді. 2022 жылдан бастап трансферт көлемі 100 миллиард теңгеге төмендесе, одан кейінгі жылдары 200 миллиард теңгеге азаяды. Сөйтіп, бес жылдан кейін Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт 2 триллион теңгеге дейін түседі.

«Ол туралы мемлекет басшысына осы жылдың 15 қазанында экономиканы дамыту жөніндегі кеңесте баяндалды. Ал жылдың аяғына дейін Ұлттық қордың тұжырымдамасына қажетті өзгерістер енгізілетін болады», – деді Дәленов.

Айта кетейік, 2000 жылы Қазақстанда Ұлттық қор құрылған болатын. Онда мұнай саудасынан түсетін қаржы жинақталады. Биыл перезидент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қордан берілетін қаржыны қысқартуды тапсырды. Себебі бұл – болашақ ұрпақтың ақшасы.

«Ұлттық қордан мақсатты трансферт ретінде біраз қаржы бөлінген болатын. Енді, ондай шығындарды қысқарту қажет. Ұлттық қордың ақшасы болашақ ұрпақ үшін сақтап қалуымыз керек», – деді Тоқаев «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында.



sputniknews.kz

Загрузка...