Үйдің төбесінде қар күреп жүрген ер адам әжетханаға құлап түсті

0

Төтенше оқиға болған тұрғын үй 70 жыл бұрын салынған

НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Ресейдің Пермь қаласында жұмысшы екі қабатты үйдің шатырында қар күреп жүргенде, төбе опырылып, пәтерлердің біріне құлап түскен, деп хабарлайды 59.ru.

Порталдың мәліметіне сүйенсек, ер адам үйдің төбесімен бірге екінші қабаттағы пәтердің әжетханасына құлапты. Шатырдың астынан өтіп бара жатқанда, ағаш еден опырылып кеткен екен. Жұмысшы зардап шекті.

Пәтер иесі төбедегі тесікті жұқа ағашпен жапқан компанияның мамандарын шақырды. «Әлі ешкім ештеңе айтқан жоқ, комиссия келіп, әрі қарай не істейтінімізді түсіндіреді. Әзірге жуынатын бөлмені пайдалана алмай отырмыз», — деді ол.

Әйелдің айтуынша, үй 70 жыл бұрын салынған, кір жуғыш машинаны қосса, қабырғалары түгел дірілдейді. Ғимарат бір жаққа қисайып тұр екен, төбеден жиі су ағып кететін көрінеді. 2014 жылы тұрғын үй апатты жағдайда деп танылса да, тұрғындарды әлі ешқайда көшірмеген.



sputniknews.kz