«Түрмеде қатты арықтап кеттік»: Нигериялық азаматтар Қарағанды полициясынан 50 мың доллар дауламақ — Қазақстан жаңалықтары

0

Нигерияның екі азаматы Қарағанды полициясын сотқа беруді жоспарлап отыр. Олар ұрлық жасағаны үшін сотты болып, соңғы екі жылда түрмеде жазасын өтеген екен. Ал 19 қарашада аппеляциялық сот оларды ақтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Нигерия азаматтарының сөзінше, олар түрмеде жазасын өтеген екі жыл ішінде қатты арықтап, түрлі дертке шалдыққан. 

«Біз сіздердің елдеріңіздің тілін, жүйесін білмейміз. Түрмеде өткен әр күнімді өмір бойы ұмытпаймын. Біз ештеңе түсіндіре алмадық. Бізді ешкім түсінбеді. Полициядағылар да, соттағылар да», — дейді Клемент Ебоде.

Сонымен қатар ол өзінің және тағы бір нигериялық азаматтың жүрегі мен жүйке жүйесіне қатысты қиындықтар пайда болғанын айтты. 

«Әйтеуір, қорғаушымен жолымыз болды. Алайда басымыздан өткен жайттар үшін, тергеуді жүргізген полицейлерден 50 доллар өндіріп беруді талап етеміз», — дейді Нигерия азаматы. 

Нигериялықтардың сөзінше, олар Қазақстанға Түркия азаматымен бірге өз кәсібін бастау үшін келген. Алайда серіктестері кәсіпті бастамай жатып оларды 30 мың доллар жымқырды деп айыптаған. Нәтижесінде нигериялықтар 5 жылға бас бостандығынан айырылыпты. Алайда аппелциялық сот алқасы тергеуден кемшіліктерді тапты. 

Хабарланғандай, қылмыстық істе тек жәбірленушінің сөзі негізге алынған. Сонымен қатар күдіктілердің жауабын Google арқылы аударылған. 

Істі қайта қарау кезінде тілді жақсы білетін адам шақырылды. Нәтижесінде нигериялықтар кінәсіздігін дәлелдей алды. 

stan.kz