Түркия мен Ресей зымыранға қарсы ортақ қорғаныс жүйесін жасайды

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Түркия президенті Режеп Ердоған Анкараның Мәскеумен бірігіп, C-500 зымыранға қарсы ортақ қорғаныс жүйесін жасауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ердоған сонымен бірге C-400 кешенін де уақытында сатып алатынын хабарлады.

Ердоғанның айтуынша, Түркия соған қарамастан америкалық F-35 истребительдерінен бас тартпайды.

Құны шамамен 2,5 миллиард доллар болатын ресейлік C-400 кешенін сатып алу туралы келісімге Мәскеу мен Анкара 2017 жылы қол қойған. 2020 жылы жабдықтар жеткізіледі деп жоспарланған. Алайда тараптар алғашқы кешенді 2019 жылдың шілде айында жеткізу туралы келісті.

Бұл келісім Түркия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа салқынын тигізді. Вашингтон Кремльдің қолына НАТО-ға арнап шығарылатын F-35 әскери ұшағы жайлы құпия дерек түсуі мүмкін деп қауіптенеді. АҚШ сонымен бірге C-400 кешені НАТО-ның зымыранға қарсы қорғаныс жүйесімен сәйкес келмейтінін де алға тартады. АҚШ сенаты егер Түркия C-400 кешенін орналастырса, оған қарсы санкция салатынын ескертті.

Azattyq

Загрузка...