Тұяқбай ЖСДП төрағалығынан кетті. Орнына Бапи сайланды

0

Қазақстанда өздерін оппозициялық партия атайтын Жалпыұлттық социал демократиялық партия төрағасы Жармахан Тұяқбай 26 сәуірде өткен съезінде төраға қызметінен кетті.

ЖСДП съезінде алдымен 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялау мақұлданып, артынша Тұяқбай мінберге шықты да, «Жастарға жол беру керек» деп қызметтен кететін мәлімдеді.

Съезд мүшелері Тұяқбайдың бұл ұсынысын бірден мақұлдаған жоқ. Үш рет қайтара дауыс берген соң ғана, 39 съезд мүшесінің 22-сі саясаткердің төрағалықтан кетуін қолдап дауыс берді.

— Басым дауыспен шешім қабылданды. Рақмет сіздерге. Сондай қуаныштымын! — деді экс-төраға.

Тұяқбай орнына «Дат» газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапиді ұсынды. Оның кандидатурасын съезд мүшелері бірауыздан қолдады.

Бұған қоса партия атауы «Ақиқат» ЖСДП болып өзгерді.

Оқи отырыңыз: «Оппозициялық жалғыз партия» жетекшісі Жармахан Тұяқбай

Билікке оппозициялық бағытты ұстанатынын жариялаған Жалпы ұлттық социал демократиялық партиясы 2006 жылы күзде құрылып, төрағалығына Жармахан Тұяқбай сайланған. 2009 жылы «Нағыз Ақ жол» партиясымен бірігіп, көп ұзамай қайта бөлінген.

2016 жылы парламент сайлауында партия 1,18 пайыз дауыс жинап, қажетті жеті пайыздық межеге жете алмаған соң мәжілістен орын ала алмаған.

Azattyq