Төрт жұмысшы қазасынан соң «Астана су арнасының» екі басшысы қамауға алынды

- Жарнаманы баса кетіңіз -

13 маусымда төрт жұмысшының қазасына байланысты «Астана су арнасы» компаниясының екі жетекшісі ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтанның полиция департаментіне сілтеп, қазақстандық БАҚ хабарлады.

23 мамырда Нұр-Сұлтанда «Астана су арнасы» мекемесінің төрт жұмысшысы метан газына уланып қайтыс болған. Қазақстан төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, мекеменің алты жұмысшысы қаладағы құдықтың бірін жөндеп жатқан. Сол кезде бірі есінен танып, құдыққа құлаған. Оны құтқармақ болған тағы үш жұмысшы газға құдық ішінде уланып қалған. Сыртта қалған екі адамның бірі ауруханаға түскен.

Полиция қылмыстық кодекстің екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбектi қорғау қағидаларын бұзу бабымен іс қозғаған.

«Тергеу кезінде бірнеше сараптама мен арнаулы тексеру жүргізілді, куәгерлер сұралды. «Астана су арнасының» басшылары кінәлі деп танылды. 13 маусымда мекеменің екі басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр» деді Нұр-Сұлтан полиция департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Нұрқаев.

Қаза тапқандар 1988, 1993, 1995 және 1967 жылы туған. Төтенше жағдайлар комитеті «Қаза тапқандардың денелерін құдықтан шығарғанда респиратор болмаған. Респиратор болғанда аман қалар еді» деп мәлімдеген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оқиғаны тексеру үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлаған.

Azattyq

Загрузка...