Тоқаевтың үш тапсырмасын орындауға 39 миллиард теңге жұмсалады

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Елбасы кеңсесі мен Астана атауын өзгертуге қанша қаражат кететіні белгілі болды

НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір — Sputnik. Парламент сенатының қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға енгізілетін түзетулер қарастырылды. Дәлірек айтқанда, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш тапсырмасы – мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру, Қазақстан елордасының атауын өзгерту және тұңғыш президенттің кеңсесін құруға кететін шығын есептелді.

Сенат мәліметіне сүйенсек, бұл тапсырмаларды іске асыру үшін 38,8 миллиард теңге қажет, бұл қаражатты республикалық бюджеттің тапшылығы есебінен, яғни оның номиналды мәнін арттырып, жалпы ішкі өнімге қатысты мөлшерін 2,1% деңгейде сақтау арқылы жоспарлау ұсынылды.

Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева бұл тапсырманың әрқайсысына қанша ақша кететінін жекелей атап өтті.

«Шығынның артуы негізінен жалақы көлемінің 1 шілдеден емес, 1 маусымнан бастап жоғарылауына байланысты болып отыр. Яғни, осы бір ай қосымша 37 миллиард теңге соманы қажет етеді. Қалған қаражат жаңа мемлекеттік органды құруға жұмсалмақ. Ол Елбасы кеңсесі деп тіркелген», – деп Савельева тұңғыш президенттің кеңсесін құруға 1 миллиард теңге жұмсалатынын айтты.

Вице-министрдің айтуынша, Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту – техникалық түзету, сондықтан қосымша қаржыны талап етпейді.

«Астана атауын өзгертуге қаражат бөлінбейді немесе қайта қарастырылмайды. Барлық шығынды мемлекеттік органдар жоспарға сәйкес қалаға жұмсалатын қаражат есебінен өтейтін болады. Қосымша қаражат қарастырылмайды», – деп сендірді қаржы министрлігінің өкілі.

Еске сала кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Астана қаласының атауы 2019 жылдың 23 наурызынан бастап Нұр-Сұлтан болып өзгерді. Бұдан бұрын қаржы министрі Әлихан Смайылов айтқандай, қаладағы маңдайша жазуларды ауыстыруға қосымша ақша қажет емес – бәрі жоспарға сәйкес өз уақытында айырбасталады. Елордада ескі маңдайша жазуларды айырбастауға жылына 40 миллион теңге бөлінеді екен.

Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен соң, жаңа орган – тұңғыш президенттің кеңсесі құрылды, оның басшысы – Махмұд Қасымбеков.



sputniknews.kz

Загрузка...