Тікішегі күйген шымкенттік сәби ауруханадан шықты

0

Шымкенттегі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында клизмадан тікішегі күйіп қалған он айлық сәби Алматыдағы балалар педиатриясы және хирургиясы орталығында емделіп шықты. Бұл туралы 24 сәуірде баланың әкесі Ерболат Саменов айтты.

Он айлық бала 25 наурызда іш ауруымен Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. 28 наурызда дәрігерлер клизма жасап жатқан кезде баланың тікішегін күйдіріп алған. Ем алдында медбикелердің су температурасын өлшемегені анықталған.

Осы оқиғадан кейін үш медбике жұмыстан босатылып, емдеуші дәрігер мен жұқпалы аурулар аурухананың бас дәрігеріне тәртіптік шара қолданылып, қатаң сөгіс жарияланған. Бұдан бөлек бас дәрігерге 45 айлық есептік көрсеткіш (112 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынған.

Нәрестенің әкесі Ерболат Саменов оқиғаға байланысты полицияға арызданған.

Azattyq