«Терроризмді насихаттады» деп айыпталған бұрынғы әскери соттағы соңғы сөзін айтты

0

«Терроризмді насихаттады» деп айыпталған бұрынғы әскери Бақтығали Қалдыбеков 11 шілде күні Алматы әскери сотында соңғы сөзін айтты. Айыпталушы «кінәсі жоқ» екенін, «арнайы қызмет істі қолдан жасағанын», «айыбы дәлелденбегенін» айтып, соттан ақтап үкім шығаруды сұрады.

«Мені терроризмді насихаттағаным үшін емес, арнайы қызмет арандату мақсатында қолдан жасаған терактінің алдын алғаным үшін соттап жатыр» деді Қалдыбеков.

Күдікті соңғы сөзін айтқан соң әскери сот судьясы Ралат Болатхан кеңесу бөлмесіне кетті. Сот хатшысы үкім шығатын күн мен уақыты кейін хабарланатынын айтты.

Осы отырыстан бір апта бұрын, тараптар жарыссөзі кезінде прокурор Дәулет Қожахмет айыпталушы Қалдыбековті терроризмді насихаттау бабымен кінәлі деп тауып, 8 жыл түрмеге кесуді сұраған. Айыптаушы сөзінше, Қалдыбековтің кінәсі тергеу кезінде, іс материалдарымен, куәгерлері сөзімен толық дәлелденген.

Сегіз жыл келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарған Бақтығали Қалдыбеков денсаулығына байланысты қарулы күштер қатарынан кеткеніне бір жыл толғанда, 2018 жылдың ақпан айында ұсталған. Іс материалдарына сәйкес, Қалдыбеков арнаулы қызметтің бақылауына әскерде жүрген кезінде ілінген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері оны мешітте аңдып, әлеуметтік желідегі парақшасын қарап, компьютерін тексерген.

Былтыр қазан айында Алматының Алмалы аудандық соты бұрынғы әскери қызметкерді «терроризмді насихаттау» бабы бойынша кінәлі деп тауып, алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Төрт айдан кейін апелляциялық сот «Қалдыбековқа тағылған айыпқа сәйкес қылмыс қызмет үстінде жасалғандықтан, істі әскери сот қарауы керек» деп, алдыңғы сот үкімінің күшін жойған.

Осыдан кейін жаңа тергеу басталған. Бұрынғы айыптауды сөзбе-cөз қайталайтын жаңа айыптау актісі жазылып, іс Алматы әскери гарнизоны сотына берілген.

Қалдыбековты бұрынғыша «терроризмді насихаттағаны» үшін айыптағанжаңа сот процесі 2019 жылы сәуірде басталған.

Құқық қорғаушы Жовтис бұрынғы әскери қызметкер, сарапшылар «терроризм мен экстремизмді насихаттау құралы» деп таныған материалдарды сақтағаны үшін айыпталып отырғанына назар аударады. «Экстремизм» ұғымының шекарасы нақты белгіленбегендіктен, басқаша ойлап, оқшау көзқарас пен тұжырым таратқан кез келген адамды экстремизммен айналысты деп айыптауға болады» дейді құқық қорғаушы. Ол Қазақстандағы күш құрылымдары 2016 жылғы қарулы шабуылдан кейін діни азшылық өкілдеріне бұрынғыдан да қатаң қарай бастағанын айтады. Ол кезде Алматы мен Ақтөбеде болған қанды оқиғаларға билік «діни радикалдарды» кінәлаған.

Azattyq