«Терроризмді насихаттады» деп айыпталған бұрынғы әскери 5 жылға сотталды

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Алматы гарнизонындағы әскери сот 15 шілдеде «терроризмді насихаттады» деп айыпталған бұрынғы әскери қызметкер Бақтығали Қалдыбековті бес жылға соттады. Сот үкімі күшіне енген жоқ, айыпталушы тараптың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Бұған дейін прокурор Дәулет Қожахмет айыпталушының сегіз жылға соттауды сұраған.

Қалдыбеков пен оның адвокаты Мұрат Қалымбетов сотта айып толық дәлелденбегенін, апелляциялық шағым түсіретіндерін айтты.

Бақтығали Қалдыбеков 11 шілде күні соңғы сөзінде «кінәсі жоқ» екенін, «арнайы қызмет істі қолдан жасағанын», «айыбы дәлелденбегенін» айтып, соттан ақтап үкім шығаруды сұраған.

«Мені терроризмді насихаттағаным үшін емес, арнайы қызмет арандату мақсатында қолдан жасаған терактінің алдын алғаным үшін соттап жатыр» деген айыпталушы.

Оқи отырыңыз: Қалдыбеков ісі

Сегіз жыл келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарған Бақтығали Қалдыбеков денсаулығына байланысты қарулы күштер қатарынан кеткеніне бір жыл толғанда, 2018 жылдың ақпан айында ұсталған. Іс материалдарына сәйкес, Қалдыбеков арнаулы қызметтің бақылауына әскерде жүрген кезінде ілінген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері оны мешітте аңдып, әлеуметтік желідегі парақшасын қарап, компьютерін тексерген.

Былтыр қазан айында Алматының Алмалы аудандық соты бұрынғы әскери қызметкерді «терроризмді насихаттау» бабы бойынша кінәлі деп тауып, алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Төрт айдан кейін апелляциялық сот «Қалдыбековқа тағылған айыпқа сәйкес қылмыс қызмет үстінде жасалғандықтан, істі әскери сот қарауы керек» деп, алдыңғы сот үкімінің күшін жойған.

Осыдан кейін жаңа тергеу басталған. Бұрынғы айыптауды сөзбе-cөз қайталайтын жаңа айыптау актісі жазылып, іс Алматы әскери гарнизоны сотына берілген.

Қалдыбековты бұрынғыша «терроризмді насихаттағаны» үшін айыптаған жаңа сот процесі 2019 жылы 22 сәуірде басталған.

Azattyq

Загрузка...