«Тәжірибенің болмауы — тіпті артықшылық»: Жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз жастар туралы — Қазақстан жаңалықтары

0

Көз майын құртып, төрт жыл білім нәрінен сусындадыңыз. Көптен күткен диплом қолыңызда, студенттік шақ артта қалды, бірақ жұмыс табылар емес. Армандаған қызметіңізге қалай орналасуға болады? Stan.kz тілшісі оқуын жаңа бітіріп, жұмыс таба алмай жүрген түлек ретінде Алматы қаласының Жұмыспен қамту орталығына барып, қандай қызмет ұсынып, нәпақасы қанша болатынын анықтап қайтты. 

центр занятости

Студенттердің арасында «Төрт жыл дипломның соңынан жүгіресің, сосын диплом соңыңнан жүгіреді» деген сүйікті мақалдары бар.  Өкінішке орай, шындыққа жанаспайды. Жұмыс берушілер тәжірибесіз студентті алғысы келмейді. Оның сыртында жақсы қызметке орналасу үшін «аға-көкелерің болу керек» деген стереотип бар. Дегенмен жұмысты таң атқаннан кеш батқанша сабылып іздейтін, бірақ таба алмайтын жастар баршылық. Оларға не істеу қажет?

Алматы қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы жастарға ең бастысы — жұмысты іздеуді бастау керектігін айтады. Сіз жұмыс іздеу бойынша танымал ресурстарды пайдаланып, бос жұмыс орындарын таңдау кезінде «Мансапты бастау» опциясы мен Жұмыспен қамту орталығына жүгінуге болатынын ескертеді.  Онда мамандар жұмыс табуға немесе ақылы тәжірибеге орналасуға көмектеседі.

Егер жасыңыз 29-дан аспаса, мамандық бойынша дипломыңыз болса (ЖОО бітіргеніңізге 3 жылдан аспауы тиіс), Халықты жұмыспен қамту орталығы сізге көмектесе алады. 

Алматы қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы ақылы жастар практикасына орналастырады. Алты ай бойы мамандығыңыз бойынша тәжірибеден өту арқылы мансабыңызды бастап кете аласыз. 

Бұл үшін Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру ережесіне сәйкес жұмыс іздеуші ретінде өтініш беруіңіз қажет. 

Одан кейін Орталық қызметкерлері базадан мамандығыңыз бойынша бос орындарды қарап, мекемелер тізімін қолыңызға береді. Ішінен ұнатқан ұсыныстарды таңдап, тілдесуге барсаңыз болады. Тауып берген жұмыста 10 күнінің ішінде құжаттарды рәсімдейсіз. 

Қажетті құжаттар: 

Жеке куәлік көшірмесі
Диплом көшірмесі
Банктен есеп-шот аштыру
Мекен-жай анықтамасы 

центр занятости

Алты ай уақыт аралығында жұмыс берушіге ұнап, сол жерде жұмыс істеуге келіссеңіз, тұрақты жұмысыңыз болып қалады. Ай сайын Жұмыспен қамту орталығынан шотыңызға ең көбі 63 750 теңге (қолға берілетіні 52 000) түседі. 

Жолдау алған мекемеде қалу-қалмау — сіздің шешіміңіз. Орталық қызметкерлері көп жағдайда тәжірибеден өтуші сол мекемеде қалатынын айтады. Жұмыс іздеуші ретінде тіркелмей, Жұмыспен қамту орталығында қызмет көрсетпейді. 

Егер сіз оқуды үш жыл бұрын бітіріп, жұмыссыз болсаңыз, онда сізде әлі де мүмкіндік бар. Бірақ  мамандығыңыз бойынша жұмыс тәжірибесі болмауы керек. Бұл — Орталық бекіткен талап.

Жұмыспен қамту орталығының көмегіне сүйенген жастарды сөзге тартқанымызда: 

«Оқу бітірген соң бір емес, бірнеше мекемеге өз мамандығымыз бойынша жұмыс сұрап бардық. Аяғымыздан тоздық. Бірақ тәжірибе сұрайды көп жерде. Жаңадан оқу бітірген адамда тәжірибе қайдан болсын. Сондықтан амал жоқ, даяшы, сатушы болуға тура келеді. Жан бағу керек, күн көру керек. Жұмыспен қамту орталығына келгенде бас-аяғы екі аптаның ішінде өзімнің мамандығым бойынша жұмысқа кіруге ұсыныс алдым», — дейді Алматы қаласының тұрғыны Назерке Ершораева. 

«Есіңізде болсын, көптеген компаниялар қызметкерлерді «өзінің талаптарына сай» етіп өсіруді қалайды. Сондықтан, тәжірибенің болмауы — тіпті артықшылық», — дейді Орталық қызметкерлері.

Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар үшін табылмас мүмкіндік екені анық. Бірақ алпауыт қалада айына 50 000 мыңмен өмір сүру қиын екенін айтпаса да түсінікті. Сондықтан ой таразысына салып, шешім қабылдау сіздің қолыңызда.

Армандағы қызметіңізді табуға тілейміз!

 

Материалды дайындаған: Жанна Мәлік

 

stan.kz