Тарихты жете түсіндірудің тиімді тұжырымдамасы

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Бұл тұжырымдама қазақ халқының мәдени және тарихи мұрасының барлық рельефтерін кешенді түрде қамтуымен ерекшеленеді.

Бүгінгі жаһандану әлемінде өз тарихын жай ғана білу қазіргі заманғы сын-қатерлермен күресу және болашаққа арналған мақсаттарды белгілеу үшін аздық етеді. Бұл арада кең ауқымда ойлағанымыз жөн. Дәлірегі, өмірдің барлық салалары бойынша өткеннің барлық жетістіктерін жете түсіну, ұғыну, оны тиімді құралға айналдыру маңызды. Өткен жылдардағы оқиғаларға тек баға беріп қана қоймай, оларды әрбір жеке адамның қалыптасуына ықпал етер тетікке айналдырған абзал. Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында осы мақсатты айқын аңғартады.

Президент атап өткендей, қазақ халқы өзінің сан ғасыр­лық тарихында әлемдік өрке­ниетке серпін берген, жаһанды жаң­ғыртқан көптеген сан сала­лық жетістіктерге қол жет­кізген. Бұл жасампаз жетістік­тер арнасындағы барлық құнды­лы­қ­тар адамзаттың ортақ игілігіне айналды. Осы орайда бірінші ке­зекте қазақтың арғы ба­баларының әлем бойынша алғаш жылқыны қолға үйреткенін, темір өндіруді меңгергенін, өнер­ге аң стилін енгізуін, Ұлы Жібек жолын қалыптастырғанын айтуымыз керек. Сондай-ақ «Алтын адам» сынды аса баға­лы тарихи жәдігерлер де, алма мен қызғалдақтың да Ұлы далаға тиесілі екені көп жайтты аңғартады. Міне, бүгінгі қазақ өз ата-бабаларынан осынау құндылықтардың мұраға қалғанын біліп жүруі тиіс әрі мұнымен мақтана білгені абзал. 

Нұрсұлтан Назарбаев өз ма­қа­ласында орта ғасырдағы Отырар қаласы əлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Əбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге əкелгенін, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқанын атап көрсеткен. 

Бұлардан бөлек, Ұлы далада әлемдік тарихтан берік орын алған көптеген ұлы ғалымдар, қол­басшылар шыққан. Прези­дент осы орайда, Бейбарыс пен Əбу Насыр әл-Фарабиді әділдікпен еске алады. 

Араб-мұсылман әлемін сырт­­қы жаулардан қорғап қал­ған Захир Бейбарыс «Жеңім­­паз және дін қорғаушысы» деген құрметті атауға ие бол­ған. Өйт­кені ол араб әлемі­нің шы­ғыс бөлігін крест­ші­лер шабуы­лынан қорғап қалды, сон­дай-ақ Месопотамия мен Мысыр­ға, сосын Мекке мен Мәди­н­еге бағыт алмақ болған Ұлы Моңғол им­пе­риясы­ның тегеурін­­ді әс­керінің бетін қай­­тарды. Осы­нау арпалысты кезең­де қазақ дала­сынан шыққан Захир Бей­барыс сырттан төнген жау­лар­ды жеңіп, сол дәуірдегі оқи­­ғалардың бағы­тын өзгертті.

Қазіргі заманғы қазақ­стан­­дықтар Әбу Насыр әл-Фара­би­д­і өздерінің жерлесіміз деп мақ­­тан тұтуға құқылы. Ол – әлем­дегі екінші ұстаз, филосо­фия, мате­матика, музыка сала­сын­дағы әлем­­дік білімін байыт­қан көпте­­ген бағалы жұмыс­тардың авторы. Әбу Насыр әл-Фа­раби араб музыкасының ең негізгі аспап­тарының бірі – әл-Канонды ойлап тапты. Бұл аспап қазақтың жетігенін еске түсіреді.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында тарихи сананы жаңғырту бағытындағы нақты шаралар мен басты міндеттерді де белгілеп берді. 

Бұл бағыт бойынша «Архив – 2025» жеті жылдық бағдар­лама­сын жүзеге асыру, «Ұлы да­­ла­ның ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық сая­бағын ашу, «Түркі өрке­ниеті: түп-тамырынан қазір­гі заманға дейін» атты жобаны қолға алу, «Дала фольк­лоры­ның антология­сын» жасау. Қазақстан тари­хы­ның үздіксіз дамуын көрсете­тін деректі-қойылымдық фильм­дер­дің, телевизиялық сериалдар мен толық метражды көркем кар­ти­налардың арнайы цик­лін өнді­ріске енгізу мәселелері қамтылған.

Ашраф Мохаммед АТТИА,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультеті шығыстану кафедрасының шақырылған профессоры (Әл-Альсун Айн-Шам университеті, Мысыр)

Загрузка...