Тарихта болмаған тасқын: Көкшетаудағы көпқабатты үйлердің ауласын су басты – Қазақстан жаңалықтары

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Қылшақты өзені арнасынан асып, Ақмола орталығының жұртын састырған. Құтқарушылардан бөлек, қарапайым қала тұрғындары да апат салдарымен күреске шыққан.

Тарихта болмаған тасқын: Көкшетаудағы көпқабатты үйлердің ауласын су басты

Облыс әкімі болса, тасқынның екінші толқыны болуы мүмкін деп отыр, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

«Иванов су қоймасында су деңгейі азайды. Ешқандай қатер тқніп тұрған жоқ қазір», – деді ІІМ орынбасары Юрий Ильин.

Төтенше жағдайға жауапты министр орынбасары кеше түсте ғана осындай мәлімдеме жасап, қауіпті сейілткендей болып еді. Кешқұрым қалаға су кірді. Телефон камерасына түскен бейнежазбалар көз ілеспес жылдамдықпен әлеуметтік желілерде тарауда.

Ақмола орталығы Көкшетауды бойлай ағатын Қылшақты арнасынан асыпты. Алғашқы кезде 6 үй, 12 аулаға су кіргені туралы айтылған болатын. Қазір шаһардағы құтқарушылар күшейтілген тәртіптегі жұмысқа көшкен. Жақында ғана тағайындалған облыс әкімі Ермек Маржықпаев мұндай оқиға Көкшетау тарихында болмаған дейді.

«Бүгін біз басқан суды сору жұмыстарын жүргізудеміз. 5 көпқабатты үйдің жертөлесін тазарту керек. Ол үшін 12 мотопомпа қолданылған. Одан бөлек инертті материалдарды әзірлеу үстіндеміз. Тағы бір толқын бола қалса, дайын болу керек», – дейді Көкшетау қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Марат Жүнісов.

Аяқ асты үйінен шыға алмай қалған тұрғындар өздігінше апатпен күресуге тырысып жатыр. Тасқынға не себеп екенін тұспалдауда.Жұрттың айтуынша, жергілікті билік қауқарсыздық танытып, артық шығын жасаумен жүр.

«Меніңше, өзен арнасы қалдықпен, құммен бітеліп қалған. Оның үстіне темір жол да бөгеп тұр. Арнаны тазалау керек. Одан басқа түкте керегі жоқ. Қанша шығынды үнемдеуге болар еді», – дедйі қала тұрғыны Владимир Гладков. 

«Қаланың бастықтары дамбыларды уақытылы ашпайды. Уақытымен ашса, су өзі нормально кетуге тиісті. Бірақ оны істемейді. Дамбының иелері бастықтарға бағынбайды», – дейді қала тұрғыны Болат Нұртазин. 

Су басқан көшелердің бойында мектеп пен балабақша да бар. Ондағы қызметкерлер судың арнасын бұрып, қап-қап құм жинауға болысуда. Ең бастысы, білім ошақтарының ғимараты аман қалғанына тәубә деуде.

«Барлық жылдан қатты болып тұр биыл. Бірақ мектеп аман-сау, балабақша бәрі аман-сау. Барлық күш жұмылдырылған. Жұмыс істеп жатырмыз. Таңғы 7-ге қарағанда судың күші азайды. Осылай азайып, кетеді деген үміттеміз», – дейді мұғалім Рақымжан Нақыпбеков. 

Жергілікті төтенше жағдайлар департаменті де шүкір деп отыр. Олардың есебінше, тасқын бұдан да зор шығын әкелуі мүмкін еді.

«Тасқын қаупі 600 нысанға төнген. Оның ішінде тұрғын үйлер де бар. Алдын алу шараларын қолданбағанымызда, бұдан да зор шығын көрер едік», – дейді Ақмола облыстық ТЖД басшысы Алексей Советов. 

Су деңгейі төмендеп келеді дегенімен, босаңсуға болмайды. Өңір басшысының сөзіне сенсек, тасқынның екінші толқыны болуы әбден мүмкін. Себебі орманды алқаптағы қар әлі толық ерімеген. Күн күрт жылыса, шамамен 8-10 сәуірде қалаға тағы су тасуы мүмкін.

stan.kz

Загрузка...