Тарихи вокзал рұқсатсыз жөнделіп жатыр

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Арыс темір жол вокзалы — халықаралық санаттағы байланыс нысаны. Ғимараттың кіреберісінде «Арыс қаласының вокзалы 1904 жылы салынған. Ғимарат – мемлекет қорғауында» деген жазу ілінген. Вокзал басшысы Жасұлан Садықовтың айтуынша, маусымның 24-і күнгі жарылыстан вокзал ғимараты да қатты зақымданған. «Онсыз да қабырғасы сөгіліп тұрған» вокзал апатты жағдайға ұшыраған.

– Вокзалға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жарылыстан қатты зардап шекті. Есік-терезесі сынып, қабырғасы жарылып, бір жағына қисайып, жарамсыз болып қалды. Құрылысшылар ғимараттың тарихи құндылықтарына ешқандай зиян келтіріп жатқан жоқ. Төбесіндегі ағаштарына дейін түртпеді, – дейді ол.

Тарихи темір жол вокзалын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.

Тарихи темір жол вокзалын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.

Арыс вокзалында ондаған құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Бірі қабырға сылағын түсірсе, бірі жаңадан сырлап әлек. Енді бірі еденін төсеп, жарығын бітеп жатыр. Вокзал ішіндегі суреттердің барлығы дерлік алынып тасталған сылақпен бірге түскен. Кейбірі әр бұрышта қалған.

Вокзал дәлізінің екі жағындағы бөлмелердің төбесіне қойылған ағаштар сақталған. Дәліздің бір бұрышында қарлығаштың ұясы тұр. Ұяның айналасындағы қабырғаның жарылғаны көрінеді. Жарылыстан сөгілген кейбір қабырғаны құрылысшылар бұзып, қыш кірпішпен қайта өріп шыққан. Вокзал алдында кідірген пойыздардағы жолаушылар құрылыс жұмыстарына ыждаһатпен қарайды.

Темір жол вокзалының ішкі көрінісі. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.

Темір жол вокзалының ішкі көрінісі. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.

«БҰҒАН ДЕЙІН ТӨРТ МӘРТЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКЕН»

Қала әкімі Мұрат Қадырбек «Қазақстан темір жолы» компаниясының есебіндегі Арыс вокзалы мемлекет қорғауындағы нысан ретінде тарихи ескерткіштер тізімінде тұрғанын айтады. Оның сөзінше, ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

– Бұған дейін де вокзал төрт рет күрделі жөндеуден өткен. Қалпына келтіру кезінде ешқандай тарихи дүниелері бұзылып жатқан жоқ. Конструкциясы сол күйінде қалады. Алынып тасталынған суреттер қайта салынады, – дейді ол.

Арыстағы темір жол вокзалына кіреберістегі жазу. Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.

Арыстағы темір жол вокзалына кіреберістегі жазу. Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.

Әкімнің пікірінше, негізінде ғимараттың қаңқасы тарихи дүние деп есептелінеді. Ішкі қабырғаға түскен суреттердің қашан, қандай жағдайда салынғаны белгісіз. Суреттер сылақпен бірге түсіп жатқанда астынан бірінің үстіне бірі салынған екі-үш қабат ескі суреттер шыққан.

Әкімнің сөзімен сәулетші Бақытжан Әшірбаев келіспейді. Оның айтуынша, жөндеу кезінде тек ғимараттың қаңқасы сақталып қалмайды. Бүге-шігесіне дейін мән берілуі тиіс. Мемлекет қорғауында болғандықтан міндетті түрде Мәдениет министрлігінен келісім алынып, жоба жасалуы қажет.

Сәулетші Әшірбаев жөндеу кезінде қабырғадағы суреттердің сылақпен бірге алынып тасталуын құп көргенмен, қаз-қалпында қайта салыну керектігін ескертеді.

– Арыс вокзалы 1904 жылы Ресей императоры Николай ІІ-нің шешімімен салынған. Ол кезде Шымкенттің өзінде вокзал болмаған. Бұл – мемлекет қорғауындағы тарихи ғимарат. Мысалы, Түркістан қаласындағы темір жол вокзалы жөнделгенде тұтқасына дейін мән берілді. Терезелерінің формасы сақталды. Барынша бұрынғы жобаға сәйкестендірілді. Заң бойынша [Арыс вокзалы] ғимаратының аспалы шамына дейін сақталуы керек, – дейді ол.

Темір жол вокзалының ішкі көрінісі. Арыс қаласы. Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.

Темір жол вокзалының ішкі көрінісі. Арыс қаласы. Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.

«ӘКІМДІККЕ ЕСКЕРТУ ЖАСАЛДЫ»

Мемлекет қорғауындағы Арыс вокзалын күрделі жөндеуден өткізу үшін Мәдениет министрлігінен, не оның жергілікті өкілдігінен рұқсат алынуы керек екеніне Түркістан облыстық мәдениет басқармасы тарихи мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық директоры Жандос Құрбан да назар аударады.

Ол маусымдағы жарылыстан кейін Арысқа барып, вокзалдың жағдайымен танысқанын, қала әкімдігіне жөндеу жасалса, міндетті түрде тиісті мамандар тарту керек екенін ескерткенін айтады.

– Тарихи ескерткіштер санатына қарай республикалық және жергілікті болып бөлінеді. Арыс вокзалы жергілікті маңызы бар нысан. Жөндеуге рұқсатты облыстық мәдениет басқармасы береді. Вокзалды жөндеуге басқармадан рұқсат алынған жоқ, – деді ресми өкіл.

Арыс қаласындағы темір жол вокзалы. Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.

Арыс қаласындағы темір жол вокзалы. Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.

Жандос Құрбан тарихи ғимаратты жөндеуден бұрын ғылыми құжаттама дайындалатынын, соған сәйкес ғимаратты қандай кейіпте қалпына келтіру туралы жоба бекітілетінін айтады. Жоба бекітілген соң барып мәдениет басқармасы әкімдікке рұқсат береді.

– Вокзалды жөндеу жұмысы басталмай тұрып қала әкімдігіне ескерту хат жолдадық. Заң бойынша, құрылысты Арыс қаласының әкімдігі тоқтатуы керек, – дейді ол.

Даңқ аллеясындағы жөндеу жұмыстары. Арыс қаласы. Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.

Даңқ аллеясындағы жөндеу жұмыстары. Арыс қаласы. Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.

Маусымның 24-інде Арыстағы оқ-қару қоймасы жарылып, ресми мәлімет бойынша, қаладағы 7527 үй мен 103 көпқабатты тұрғын үй зақымданған. Оның ішінде пайдалануға жарамсыз болып қалған 420 үй мен 3 көп қабатты тұрғын үй құлатылған. Тамыздың 13-індегі мәлімет бойынша, 101 үйдің құрылыс жұмысы әлі басталмаған. Оның 53-інің иесі жөндеуге келісім бермеген. Зақымданған 66 әлеуметтік нысанның 53-і – білім беру, сегізі – денсаулық сақтау, төртеуі – спорт мекемесі болса, біреуі – Даңқ аллеясы.

Azattyq

Загрузка...