Тараздағы сұмдық: оқушы қыздың зорлануына қатысты тың деректер шықты

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Қызды зорлады деген күдікті адам қылмыс жасамас бұрын бір сағат бойы мектеп аумағында жүрген. Бөтен адамға ешкім көңіл аудармапты

НҰР-СҰЛТАН, 20 қараша – Sputnik. Таразда мектеп аумағындағы дәретханада жетінші сынып оқушысының зорлану ісіне қатысты жаңа деректер шықты.

Полиция мәліметінше, күдікті 19 жыл бұрын зорлық-зомбылық жасағаны үшін төрт жыл түрмеде отырып шыққан.

«Бұл күдікті он жеті жасында зорлық жасағаны үшін сотталған екен. Ол төрт жыл бойы жазасын колонияда, бір жылын шартты түрде өтеген», – деген Жамбыл облысы полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиевтің сөзін КТК телеарнасы жария етті.

Мектеп аумағында орнатылған бейнебақылау камераларына белгісіз ер адамның оқы орны маңында бір сағаттай жүргені түсіп қалған. Оған ешкім назар аудармапты.

Қазір 38 жастағы күдікті тергеу абақтысында отыр.

«Бұл тұста үлкен жауапкершіліктің бар екені анық. Мектеп басшысынан педагогтарға дейін жауапты. Сол себептен бүгінгі күні бес педагог қызметінен босатылды», – деп түсініктеме берді Жамбыл облысы білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева.

Жаппай жұмыстан шығарылғандар қатарында мектеп директоры, қызды сабақтан жіберген мұғалім, кезекші ұстаз, вахташы мен оқу ісінің меңгерушісі бар.

Бұған қоса, мектеп инспекторы қызметінен босатылды, деп хабарлады «Астана» телеарнасы полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиевке сілтеме жасай отырып.

БАҚ мәліметінше, қазір зардап шеккен қыз ауруханада жатыр. Онымен психолог мамандар жұмыс істеуде.

Жетінші сынып оқушысын зорлау ісі

Сұмдық жағдай туралы жуырда белгілі болды. Он екі жастағы жетінші сынып оқушысы Тараз мектептерінің бірінің аумағындағы дәретханада зорлық көрді.

Оқиға жайлы жария болғаннан кейін қыздың ата-анасы мектеп басшылығын жазалауды талап етті. Олар мектеп дәретханасы дұрыс істемегенін және оқу орны аумағындағы бөтен адамға ешкім назар аудармағанын айтып, наразылығын білдірді.

Одан кейін мектептің педагог қызметкерлерінің жаппай жұмыстан шығарылғаны туралы белгілі болды.

Nur Otan білім басқармасының басшылығын да жазалауды талап етті. Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін Жамбыл облысы мектептері аумағындағы дәретханаларды жою мәселесі көтерілген.

«Біздің көзімізше бірнеше мектептің ауласындағы дәретхананы бұзды. Одан кейін қалған нысандар да жойылады деп есеп берді. Бірақ олар тек көзбояушылық жасаған. Біз орындаушыларды емес, білім басқармасының басшысын жауапқа тарту туралы мәселені қоямыз», – деді кеңес төрағасының орынбасары Динара Зәкиева.

Қазіргі таңда кеңестің сарапшылар тобы бірқатар проблема анықталған Алматының 151 нысанын тексеру жұмысының қорытындысын шығаруда.



sputniknews.kz

Загрузка...