Тағдырдың сынағына мойымаған қазақ жігіті қалай Азия чемпионы атанды?

34

Пара Азия ойындарында ел қоржынына екі бірдей алтын салған 28 жастағы Ержан Сәлімгереев Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат беріп, спортқа қалай келгенін айтып берді.

Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Спортшы кішкентай кезінде тоққа түсуінің салдарынан, аяқ қолынан айырылған. Тағдыр тауқыметі жас баланың дене мүшелерін алғанымен, оның армандары одан сайын көбейе түсіпті. Айтуынша, оның спортқа әуестігі әкесінен дарыған.

Студент шағынан бастап жігіт жүзумен айналысып, 2015 жылы Павлодарда өткен жарыстарда екі рет қола, бір рет алтын медаль иеленеді.

Осыдан кейін халықаралық сайыстарда да бой көрсетіп, Берлиндегі Әлем Кубогынан төрт алтын, Джакартадағы Азия Пара ойындарынан екі «алтынды» жеңіп алады.

Ержан түрлі жарыстарға қатысып жүріп, төрешілер тарапынан әділетсіз шешімдер орын алып жататынын да жасырмайды. Мәселен 2018 жылғы Мехикода өткен әлем чемпионатында ол жүзуден жарыс мәресіне алғаш болып жетеді. Алайда әділ қазылар алқасы оны «белгі бермей тұрып жарысты бастап кеттің» деп айыптап, медальсіз қалдырған. Осындай жағдай Джакартадағы Пара Азия ойындарында да қайталаныпты.

«Менің медальдарымды басқалар алып жатқанда қапаланғаным рас. Өйткені жеңіске мен лайықты едім. Өз міндетімді 200 пайызға орындадым», – дейді спортшы.

Өміріндегі қиындықтырға ғана емес, жолында кездескен әділетсіздіктерге мойымай, өз жолымен тура жүретін жігітті достары үлгі тұтатын көрінеді. Тіпті кейбірі оған қарап, спортқа бет бұра бастапты.

Қайсарлығы мен еңбекқорлығының арқасында үлкен жетістіктерге жеткен Ержан халықаралық олимпиададағы ұтысы 20 мың долларды қайда жұмсайтынын жасырмай айтты. Ол өзіне ыңғайлы көлік алып, спорттық протез үшін Колорадода спорттық протез салдырғысы келетінін жеткізді.

Ержан Сәлімгереев небір қиын күн туғанда өзіне қол жұмсауды да ойлаған көрінеді. Алайда спортшы жамандыққа жол бермей, тағдырын жеңе білгені үшін өзін бақытты санайды екен.

«Кейбіреулер менен бақыт деген не деп сұрап жатады. Бұл секундтар мен минуттар – осының өзі үлкен бақыт. Мен тіпті аяқ-қолым жоқ екенін де ұмытып кетемін», — дейді ол.

Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Фото: Sputnik / Владислав Воднев