Табыс декларациясында қымбат тондар мен төрт түлікті көрсету керек пе

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Қазіргі кезде табыс декларациясын тапсыру әдістемесі жасалып жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Қаржы министрлігі жалпыға бірдей декларацияда қандай заттардың көрсетілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, бүгінде сарапшылардың қатысуымен қымбат заттарды декларацияда көрсету әдістемесі әзірленіп жатыр. Соған сәйкес, табыстың есебі рәсімделетін болады.

«Қазіргі кезде табыс декларациясын тапсыру әдістемесі жазылуда. Осыған орай, біз сарапшылармен ақылдасып жүрміз. Мәселен, сіз қымбат тонның бағасын біліп, оны ертең сатамын десеңіз, декларацияға енгізуге болады. Ал сатылмайтын тон болса, көрсетудің қажеті жоқ. Тонның шекті бағасына қатысты әзірше нақты ақпарат жоқ. Өйткені әдістемесі әлі дайын емес», — деді Сұлтанғазиев журналистерге берген сұқбатында.

Оның сөзіне қарағанда, жеке заттардан бөлек сатылатын төрт түлікті де декларацияда көрсетуге тура келеді.

«Енді, қымбат тоннан басқа зергерлік бұйымдар, картиналар мен төрт түлік бар. Солар бойынша бір әдістеме жасаймыз. Егер адам бір затты сатып, пайда табамын десе, оны бағалап, сол бағаны декларацияда көрсетуі мүмкін. Ал сатылмайтын, өзі киіп тоздыратын зат болса, декларацияда көрсетудің қажеті жоқ», — деді Сұлтанғазиев.

Айта кетейік, Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізіледі. 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер және олардың жұбайлары декларация тапсырады. 2023 жылда – мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері, 2024 жылы – заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер, ал 2025 жылдан бастап басқа да санаттағылар декларацияны рәсімдейтін болады.

Тағы оқыңыз: Үкімет халықтың кредитін өтейді: қарыз алушы не істеуі керек?

«Жалпы, төрт кезең бар. Әр кезеңнен кейін біз талдау жасаймыз. Оған сәйкес, заңға және әдістемеге өзгерістер енгіземіз. Негізі, 2025 жылға дейін осы жұмысты толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз», — дейді Сұлтанғазиев.



sputniknews.kz


Тегтер:табыс