Сот Серікжан Біләшті Нұр-Сұлтанда үйқамақта қалдырды

- Жарнаманы баса кетіңіз -

14 маусымда Нұр-Сұлтандағы қалалық сот «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті Нұр-Сұлтанда үйқамақта қалдырды. Адвокат Айман Омарова Біләшті Нұр-Сұлтанда емес, «тіркеуде тұрған» Алматы қаласында үйқамақа ұстау немесе оны кепілмен босату туралы жеке шағым түсірген. Бірақ сот бұл шағымды қанағаттандырмады.

Сотқа Серікжан Бәлішті қолдау үшін қала маңындағы Қоянды, Өндіріс елді аймақтарында тұратын және Шығыс Қазақстан облысынан көптеген адам келді. Бірақ оларды сот отырысы жабық өтетінін айтып залға кіргізбеді. Бұған наразылық білдірген Біләштің жақтастары сот ғимаратында тұрып «Бостандық!», «Әділ сот керек!» айқайлап қолдарына «Серікжанға бостандық берілсін!», «Stop, China!» деген жазулар жазылған плакаттар көтеріп, сотқа кіргізуді талап етті. Жиналғандардың бір сағаттан астам уақыт ұрандатқанына қарамастан оларды сот залына кіргізбеді және олармен сөйлесуге Астана қалалық сотының төрағасы Тілектес Беріпбаев шықпады.

Жабық соттан шыққан адвокат Айман Омарова Серікжан сот талапты қанағаттандырмағанын айтты.

– Сот Серікжан Біләштің жүрегіне бірнеше рет операция жасатқандықтан денсаулығының сыр беріп тұрғанын да, оның отбасы мен екі баласының жағдайын да ескермеді. Апелляциялық шағым түсіремін, – деді адвокат.

2019 жылы 10 наурыз түнде Серікжан Біләшті Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде жатқан жерінен полиция өкілдері ұстап, Нұр-Сұлтанға алып кеткен. Дәл сол күні «Атажұрт еріктілері» ұйымының Алматыдағы кеңсесін полиция тінтіп, жауып тастады (2 сәуірде қайта ашылды). Кейін Біләштің үстінен бір адамның «Ұлт араздықты қоздырды» деп арыз жазғанын, сол арыздың негізінде ұсталғаны анықталды. 11 наурыз күні сот Біләшті екі айға үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Кейін оның мерзімі 10 маусымға дейін ұзартылды. Ал 7 маусымда сот Біләштің үйқамақтағы уақытын 10 шілдеге дейін созды.

Серікжан Біләш сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2019 жыл.

Серікжан Біләш сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2019 жыл.

​Бұған дейін де қорғау тарабы отбасы Алматыда болғандықтан Біләшті Нұр-Сұлтаннан сол жаққа ауыстыру туралы өтініш тапсырған, бірақ қанағаттандырылмаған еді.

«Атажұрт еріктілері» ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген.

Azattyq

Загрузка...