Сот қамаудағы белсенді Омардың бұлтартпау шарасын өзгертпеді

0

Бүгін, 31 шілдеде Нұр Сұлтан соты «Жер тағдыры» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайырлы Омардың денсаулығына байланысты бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру туралы шағымын тағы қанағаттандырмады.

Сотқа Омардың жақтастары, азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар келді. Олар қолдарына белсендінің суреті басылған плакат ұстап, «Қайырлы Омарға бостандық!» деп айқайлады.

Сотта белсенді Омардың денсаулығына адвокаттар шақырған тәуелсіз дәрігер Әлия Жақыпова баға берді. Дәрігердің сөзінше, Қайырлы Омар инсультті болған. Жақыпова «көп жағдайда бұдан адам өліп те кетуі мүмкін» дейді. Бірақ судья Элизавета Атшыбаева дәрігер уәжін ескермеді. Ол бұған дейінгі сотта куәлік еткен түрме дәргерінің «Омардың денсаулығына қауіп жоқ» деген уәжін мақұлдап, оны тергеу изоляторында қалдырды.

Мұнан соң сот отырысында тергелуі тиісті полиция қызметкерінің келмегені белгілі болды. Прокурор Олжас Мейірхановтың сөзінше, полиция кеше жұмыста кезекшілікте болған.

Судья соттың ертең жалғасатынын хабарлаған соң залдағылар «Масқара!» деп айқайлады. Дәлізде жиналған жұрт «Бостандық!» деп ұрандап тарқасты.

Сот кезінде Қайырлы Омар Азаттыққа «өзімді айыпты деп санамаймын» деді.

«Биыл 9 ақпан күні «Жер тағдыры» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қоғамдағы проблемалар мен оны шешудің жолы туралы дөңгелек үстел өткізбек болдық. Оны болдырмау үшін маған коопертив қаржысын жымқырды деген жала жауып отыр. Мен кінәлі емеспін. Мен жасамаған ісімді мойындап, балаларымның алдында қарабет бола алмаймын» деді ол сотта.

Қайырлы Омарға қатысты басты сот тергеуі наурызда басталған.

59 жастағы Қайырлы Омар қамауға алынғанға дейін «Азат шаңырағы» пәтер иелері коопертивінің төрағасы болып жұмыс істеген. Ол 2018 жылы 5 шілдеде осы пәтер иелері кооперативінің «қаржысын жымқырды» деген күдікпен қамауға алынған. Оның үстінен іс қозғауға кооператив қызмет көрсететін үйдің тұрғыны «жөндеуге деп берген 4 мың теңге ақшамды ақтамады» деп арыз жазғаны себеп болған.

Омар мен оның жақтастары бұл айыптың саяси астары бар деп санайды. Белсенді бірнеше жылдан бері Қазақстандағы түрлі наразылық шараларына қатысып жүрген. 2016-2017 жылдары Қазақстандағы жерге қатысты мәселеге араласып, көзге түскен.

Azattyq