Солтүстік Қазақстанда боранда жасөспірім адасып кетті

0

Автобус аялдамасынан жақын ауылға жаяу кеткен 16 жастағы жасөспірімнің телефонының қуаты таусылып қалған

ПЕТРОПАВЛ, 17 қаңтар – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер боранда адасып кеткен 16 жастағы жасөспірімді құтқарды, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Кеше, 16 қаңтарда политехникалық колледждің 16 жастағы студенті Көкшетаудан үйіне келе жатып, Салқынкөл-Чистополье автожолының қиылысында автобустан түсіп қалған.

Оқи отырыңыз: ШҚО-да төрт күн бойы далада түнеген 5 жасар бала табылды

Ол Ақмола облысының Жақсы ауданындағы Моховое ауылына жаяу аттанған. Онда оны курстасы күтіп алуы тиіс болған, ол досын бірнеше сағат күткеннен кейін құтқару қызметінен көмек сұраған.

Дабылды хабарлама барлық қызметке дереу жіберілді. Ғабит Мүсірепов ауданынан жасөспірімді іздеуге полиция қызметкерлері, құтқарушылар, сондай-ақ ауылдық округтің әкімі Александр Табарин шықты. Іздестіру жұмыстары Ақмола облысының көрші ауданында да жүргізілді.

«Іздеу түнгі екіге дейін созылды. Бораннан ештеңе көрінбеді. Жасөспіріммен байланыс орната алмадық, оның телефонының қуаты таусылып қалыпты. Бақытымызға орай, оны патрульдік полицейлер тапты», – деді Ғабит Мүсірепов ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Руслан Біржанов.

Полиция лейтенанты Марат Шегенев пен полиция кіші лейтенанты Назар Маймурзинов қар тазалағыш машинаның артында қызметтік көлікпен келе жатып, Ақмола облысының шекарасынан 6 шақырым жерде, Алматы-Екатеринбург автожолының 850-ші шақырымында әбден әлсіреген жасөспірімнің бейнесін байқап қалған.

Тәртіп сақшылары жас жігітті Чистополье ауылына жеткізіп, ыстық тамақ пен шай берді. Дәрігерлердің айтуынша, жасөспірім зардап шекпеген.   



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз