Шымкенттегі Әл-Фараби алаңында полиция 50-ге жуық адамды ұстаған

0

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі 6 шілде күні кешке қаладағы Әл-Фараби алаңында полицияның шамамен 50-ге жуық адамды ұстағанына куә болды. Полицейлер және азаматтық киім киген адамдар ешқандай ұран көтермесе де, алаңда жүрген азаматтарды қызметтік автобустар мен микроавтобустарға отырғызып алып кеткен. «Не үшін ұстап жатсыздар?» деген Азаттық тілшісінің сұрағына полиция қызметкерлері жауап бермеді.

Дәл осы жерден ақпарат таратуға тырысқан Азаттық тілшісіне белгісіз адам фото-видео түсіруге кедергі жасады. Дәл осыған ұқсас жағдай Нұр-Сұлтанда да қайталанды.

Оқи отырыңыз: Белгісіз біреулер Азаттық тілшілеріне бұрыш баллонын шашып, жұмысына кедергі келтірді

6 шілде астана күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтөбеде полиция «рұқсат етілмеген митингке шыққан» жүздеген адамды ұстады. Азаттық оқиға орындарынан тікелей эфирде хабар таратты.

Бұған дейін өзін қазіргі биліктің оппоненті ретінде атайтын, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 6 шілдеде азаматтарды жаппай наразылық шарасына шақырған еді. Ол «митинг орны» ретінде белгілеген орындарда бүгін полиция азаматтарды ұстаған.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні — 6 шілде елде астана күні ретінде тойланып келеді.

ВИДЕО: Шымкенттегі ұстаулар (6 шілде 2019 жыл).

Azattyq