Шымкентте алаңға жиналғандар «әділетсіз сайлау» мен аналар ахуалын айтты

0

1 мамырда Шымкенттегі Ордабасы алаңында тұрған «Жер ана» монументінің алдына он шақты адам жиналды. Алаңды таңертеңнен бастап полиция полиция қоршауға алған. Ордабасы алаңы мен оның маңындағы көшелер жабылған.

Алаңға жақын автотұрақтарда полицияның арнайы автобустары мен көліктері тұр. «Жер ана» монументінің алдына келген тұрғындар әуелі үндемей тұрды. Бірақ артынша сөз еркіндігіне, Алматыда қамалған белсенділерге, сондай-ақ елдің әлеуметтік жағдайына қатысты пікірлерін айтты.

— Нәтижесі ендігі белгілі сайлауға қарсымыз. Көп балалы аналардың да, жалғыз басты аналардың да, зейнеткерлердің де халі мүшкіл. Халық кедей, — деді наразы аналардың бірі.

Сөз сөйлегендерді азаматтық киімде жүрген қызметкерлер бақылап тұрды. Азаматтар бір сағаттай тұрып, тарасты.

1 мамыр күні Алматы пен Нұр-Сұлтанда мерекелік шара өтіп жатқан жерге жиналған адамдар билікке наразылық білдіріп «Сайлауға — бойкот!», «Әділ сайлау талап етеміз!», «Масқара!» деп айғайлады. Ел астанасында полиция бірнеше адамды ұстап әкетті.

Тікелей эфир: Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы наразылық

​Прокуратура 29 сәуірде жариялаған үндеуінде «Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады» деп жазылған.

Azattyq