Шымкент инфекциялық ауруxанасында сәби зақымданған соң медбикелер жұмыстан босады

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Шымкенттегі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында клизмадан зақымдануы мүмкін 10 айлық сәби басқа ауруxанаға ауыстырылып, клизма жасаған медбикелер жұмыстан шығарылды. Бұл туралы 2 сәуірде қалалық денсаулық сақтау департаментінде өткен баспасөз мәслихатында департамент басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Әбішев айтты.

Ғалымжан Әбішевтің сөзінше, медбикелер клизма жасау кезінде күйдірген 10 айлық бала жұқпалы аурулар ауруханасына 25 наурызда іш ауруымен түскен. Оқиға 28 наурызда болған. Клизма жасаған медбикенің су температурасын өлшемегені айтылады. Оқиғаға байланысты арнайы тексеру басталған.

– Қазіргі уақытта балада бірінші-екінші дәрежелі термиялық күйік байқалады. Баланың жай-күйі тұрақты, қанағаттанарлық. Ем-домын жалғастыру үшін бүгін Түркістан облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды, – дейді ол.

Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Амангелді Нұрлыбаев күйген баланың тікішегі мен басқа да органдарына зақым келмегенін айтады. Бұған дейін бала жұқпалы аурулар ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатқан.

Нәрестенің әкесі Ерболат Саменов оқиғаға байланысты полицияға арызданған.

Azattyq

Загрузка...