Шымкент әкімі «үйлерін ала алмай жүрген» салымшылармен кездесті

0

27 қаңтар күні кешкі сағат 18:00 шамасында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «әкімдік үйімізді тартып алды» деп мәлімдеген Тұрғын үй жинақ банкінің қырыққа жуық салымшысын қабылдады. Салымшылардың Азаттыққа айтуынша, «әкім үйді қайтара алмаймыз» деген.

Кешкі сағат 17:00-де жиналған салымшыларды әкім бір сағаттан соң қабылдады. Әкімдік қызметкерлері «әкім салымшылармен жеке сөйлеседі» деді. Жиналысқа журналистер кіргізілмеді.

Салымшы Бағлан Әбденқұловтың айтуынша, қала әкімі салымшыларға «үй таратылған, кері қайтара алмаймыз» деп кесіп айтып, кешірім сұраған. Содан кейін құрылысы аяқталуға жақын қалған төрт көпқабатты тұрғын үйден пәтер таңдауды ұсынған. Салымшылардың кейбірі енді құрылысы басталған өздері аламыз деген көпқабатты тұрғын үймен жобасы бірдей, пәтерлердің көлемі тең үйден пәтер беруін сұраған. Әкімдік оған да келіскен.

– Әкім көп сөйлемеді. Үй тұрмысы нашар көпбалалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастарға бөлініп кеткенін, кері қайтаруға болмайтынын айтты. Біз де өз жағдайымызды түсіндіруге тырыстық. Бірақ нәтиже болмады, – деді Бағлан Әбденқұлов.

Салымшылар қала әкімімен екі сағат шамасында әңгімелескен.

Аты-жөнін айтудан бас тартқан салымшының сөзінше, әкімдік оларға ресми арнайы хат тапсырған. Онда «дайын тұрған үйдің жетіспеушілігіне байланысты» салымшыларға деп белгілеп берілген тұрғын үй көпбалалы аналар мен жастарға берілгені жазылған. Салымшыларға құрылысы қаңтар, мамыр айының соңында аяқталатын төрт көпқабатты үй ұсынылған.

Салымшылар әзірге қандай да бір нақты шешім қабылдай алмай отырғанын айтады.

Шымкент басшылығы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспана аламыз деген жүзден астам салымшының үйін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырамасынан кейін көп балалы отбасылар мен жастарға беріп жіберген.

Оқи отырыңыз: «Бізге бөлген үйді басқаға берді». Шымкенттік салымшылар билікке наразы

Осыдан кейін салымшылар 20 қаңтарда әкімдікке келіп, наразылық білдірген. 21 қаңтарда оларды сол кездегі қала әкімі Ерлан Айтаханов қабылдауы тиіс еді. Бірақ қабылдау белгіленген күні Айтаханов президент жарлығымен қызметінен босаған. Оның орнына Мұрат Әйтенов тағайындалған.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз