Швейцария Каримованың бұғатталған 133 млн долларын Өзбекстанға қайтармақ

0

Швейцария Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримованың ісі бойынша жүргізілген тергеу аясында бұғатталған 133 миллион долларды Өзбекстанға қайтармақшы.

Швейцария бас прокуратурасы қазір Ташкент түрмесінде жазасын өтеп жатқан Гүлнара Каримова Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтан өзіне кешірім беруді сұраған соң бірнеше күннен кейін, 24 маусымда осылай деп мәлімдеді.

Гүлнара Каримованың Өзбекстан президенті мен халқына үндеуін оның қызы Иман Каримова өзінің Instagram жариялады.

Каримова «Менен осы күнге дейін алынған Өзбекстан аумағындағы 1,2 млрд доллар көлеміндегі қаражат ендігі маған тиесілі емесін, қаржының республика бюжетіне қосылғанын айтқым келеді. Бұған жергілікті тергеу деректері дәлел» деп жазады.

Ол шетелдегі шоттарында да қаржысы бар екенін айтып, ақшасын сотта дауламауға уәде берді. Денсаулығы нашарлағанын айтқан Каримова, шетелдік шоттардағы 686 млн доллар қаржысын мемлекетке өткізуге уәде етті.

Өзбекстан билігі Гүлнара Каримованың үстінен екі қылмыстық іс қозғаған. Тергеушілер мемлекетке келген зиян мөлшерін екі миллиард доллар деп бағалаған.

2015 жылы тамызда Ташкент соты Гүлнара Каримованы салықтан жалтару, ақша жымқыру және бопсалау қылмыстарына айыпты деп танып, бес жылға бас бостандығын шектеген. Кейін оның үстінен қаржы алаяқтығын жасаған, шетел валютасын жасырған, кеден заңын бұзған және қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырған деген айыптар бойынша тағы бір іс қозғаған.

2017 жылы желтоқсанда Өзбекстан соты Гүлнара Каримованы 10 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. 2018 жылы шілде айында сот Каримованың жазасын жеңілдетіп, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған. Сот үкіміне сәйкес, Гүлнара Каримова қызы Иманның үйінде өтеуі тиіс болған, оның үйден шығуына және интернет пен байланыс құралдарын пайдалануына тыйым салған.

2019 жылы наурыздың басында Өзбекстан бас прокуратурасы Гүлнара Каримованың сот шешімімен үйқамақтан түрмеге ауыстырылғанын хабарлаған. Биліктің мәлімдеуінше, үйқамақта отырған Гүлнара Каримова «жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзған»: бірнеше рет байланыс құралдарын пайдаланып, қызының үйінен рұқсатсыз шығып кеткен.

Гүлнара Каримова — Өзбекстанды 27 жыл басқарып, 2016 жылы қыркүйекте қайтыс болған Ислам Каримовтың үлкен қызы. Кезінде оны әкесінің орнын басуы ықтимал ықпалды адам деп санаған.



Azattyq