ШҚО соты «сепаратизм» айыбымен сотталған блогердің үкімін өзгертпеді

0

15 қаңтарда Шығыс Қазақстан облыстық сотында риддерлік блогер Игорь Сычевтің апелляциялық шағымы қаралды. Блогер Өскемен қаласындағы ОВ 156/3 түзеу мекемесінде Қылмыстық кодекстің 180-бабы бойынша («Қазақстанның біртұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын бұзу не мемлекетті ыдыратуды насихаттау я оған жария түрде шақыру») жазасын өтеп жатыр.

2019 жылы желтоқсанда Сычев түрме жазасының өтелмеген бөлігін шартты жазаға алмастыруға өтініш берген. Сотталушы мен адвокаты үлгілі тәртібі жайлы айтқан. Судья Абдрахманова «өтінішті қанағаттандыру үшін бұл жеткіліксіз» деп санайды.

Судья шешім шығарарда әкімшілік түзеу мекемесінің «Игорь Сычев әлі де жазасын өтеуі керек» деген ұсынысын да есепке алды.

Блогердің шағымы бұған дейін 2019 жылдың 8 қазанында қаралған. Өскеменнің №2 қалалық соты Сычевтің уақытынан бұрын шартты түрде бостандыққа шығу туралы өтінішін қанағаттандырған. Алайда прокурордың өтінішімен үкім күші жойылған. Прокуратура азаматтың экстремистік баппен айыпталғанын және кінәсін мойындамағанын алға тартқан.

Игорь Сычевтың жаза мерзімі аяқталуына 9 ай қалған. Сондықтан енді мұндай шағым түсіре алмайды.

2015 жылы блогер әрі Вконтакте әлеуметтік желісіндегі «Подслушано в Риддере» тобының жетекшісі Игорь Сычев «Риддер қаласын Ресей құрамына қосу туралы дауыс беру болса, қалай жауап бересіздер?» деген сауалнама жүргізген. Жазбаға кері реакция көбейгеннен кейін блогер сауалнаманы өшіріп тастаған. Кейін ол осы әрекеті үшін жауапқа тартылды.

Azattyq

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз