Шетелден алған көліктерін заңдастыруды талап еткен ақтөбеліктер әкімдікке барды

0

Шетелден алған көліктерін заңдастыру кезінде жеңілдік жасауды талап етуші ақтөбеліктер 19 қаңтар күні екі топқа бөлініп, бірі қала әкімдігіне, екіншісі облыс әкімдігіне барды.

Қазақстан үкіметі биылдан бастап елде жүрген армениялық, қырғызстандық, ресейлік нөмері бар көліктерді «заңға сай тіркеу керегін» мәлімдеген. Шетелден көлік алғандар тіркеу шығының тым қымбат екенін айтады. Билік тіркелмеген көліктер заң бұзса, жазадан құтылып кетеді деп санайды

Ақтөбе қаласы әкімдігіндегі жиында бастамашыл топ өкілі Әнуар Жаңбыров ақтөбеліктер атынан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа петиция дайындап жатқандарын айтты. Петицияға қол қоюшылар үкіметке шетелден алынған көліктер мәселені шешудің екі жолын ұсынып отыр.

– Еуразия экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдерде тіркеліп, Қазақстан аумағында жүрген көліктерге легализация жасалсын. Немесе Қазақстан үкіметі арнайы қаулы қабылдап, азаматтардың ЕАЭО-қа мүше елдерден әкелген көліктерін әбден тозғанша пайдалануына мүмкіндік берсін, – деді Әнуар Жаңбыров.

Әкімдікке келген қала тұрғыны Дастан Құлдановтың сөзінше, зауыттан 2005 жылы шыққан Nissan X-Trail көлігін ол Арменияда екі миллион теңгеге сатып алған.

– Қазақстанда шетелден алған көліктерге тіркеу алымы мен утилизациялық алым мөлшері тым қымбат. Мысалы, көлігіме мемлекеттік нөмір алу үшін 1 млн 300 мың теңге тіркеу алымын, 1 млн 400 мың теңгеге жуық утилизациялық алым (көлік жарамсыз болғанда оны жою үшін төленетін алдын-ала төлем, оның құны 1-3 миллион теңге шамасында – ред.) төлеуім керек. Менің қолымда мұндай қаржы жоқ. Сондықтан Арменияның нөмірімен жүрмін, – дейді Дастан Құлданов.

Ақтөбе қалалық әкімдігіндегі жиынға өздерін «бастамашыл топ мүшелері» деп атаған он шақты адам келді. Олармен қала әкімі Мавр Абдуллин, Ақтөбе облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Қанат Әлиев, салық және кеден саласының өкілдері кездесті.

Ақтөбе қалалық салық басқармасы басшысының орынбасары Дамир Көбеновтің сөзінше, автокөліктерді тіркеу алымының мөлшері Қазақстанның Салық кодексіндегі көрсетілген. Бұл алым көліктің зауыттан шығарылған жылына байланысты бекітілген айлық есептік көрсеткішпен төленеді (Шыққанына үш жыл толмаған көлікке елу айлық есептік көрсеткіш – 125 мың теңге, үш жылдан асқан көлікке 500 АЕК, яғни 1 миллион 125 мың теңге төлейді – Ред.).

Қала әкімі Мавр Абдуллин утилизациялық алым мөлшері Қазақстанның Экологиялық кодексі талаптарына сай бекітілгенін айта келе, «Заңның аты-заң, ол орындалуы керек» деді.

Абдуллиннің айтуынша, облыс және қала басшылары шетелдік көліктерге қатысты мәселенің оңтайлы шешілуіне мүдделі. Әкім бастамашыл топтың ұсынысын Нұр-Сұлтанға жолдауға әзір екенін айтты.

– 2015 жылдан бері осындай көліктерді ел аумағына кіргізгеніміз біздің де кінәміз шығар. Дер кезінде көңіл бөлгенде бұл жағдай болмас та еді. Бірақ бұл айқай-шумен шешілетін мәселе емес. Он шақты күнде сіздермен қайта жолығып, хабарын айтамыз. Осы аралықта орталарыңызға іріткі салушылар болса, оны бізге хабарлағандарыңыз жөн. «Жолды жабамыз», «көшеге шығамыз» деушілерге заңға сәйкес күш қолданамыз, – деді Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин.

Полицияның баспасөз қызметі 19 қаңтар күні облыс әкімдігі жанына жиналған отыз шақты тұрғынмен де түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.

ІІМ дерегінше, Қазақстанда Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейден алынған 170 мыңнан астам көлік жүр.

Шетелден көлік алғандар Ақтөбеде бұған дейін де бірнеше рет жиналып, жаңа ережеге наразылық білдірген. Мұндай жиындар Семей, Петропавл, Оралда да өткен.

Олар биліктің «тіркелмеген шетелдік көліктер елде заңсыз жүр» деген мәлімдемесіне қарсы. Қазақстан үкіметі жұрт Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейден алған көліктеріне баж салығын төлеп, тіркеуі керек деп санайды. Көлік иелері тіркеу мен баж салығы автокөлік құнынан асып кететінін айтады.

ІІМ әкімшілік полиция комитеті шетелен көлік алғандарға үш әдіс ұсынады:

  • Барлық төлемдерді өтеп, көлікті тіркеу (Қазақстанда «Евро-4» cтандартына сай келмейтін көліктер тіркелмеді. Ал жүргізушілер шетелден алған көліктерін тіркеу құны тым қымбат екенін, көліктің бағасынан асып кететінін айтады).
  • Көлікті Қазақстаннан отыз күнге шығарып, кейін қайта алып кіру.
  • Көлікті шетелге апарып, сату.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз