Сауда министрі азық-түлікті қай жерден арзанға сатып алуға болатынын айтты

0

Сауда саласын цифрландыру азық-түлік бағасын төмендетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз, дейді министр

НҰР-СҰЛТАН, 18 ақпан – Sputnik. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов сауда саласын цифрландыру азық-түлік бағасын төмендетуге мүмкіндік береді деп санайды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісі хабарлайды.

Сұлтанов азық-түлік саудасын дамыту мақсатында «Onay Bazar» және «HHappyFood.kz» электронды платформаларын дамытуға қолдау көрсетілгенін айтты.

«Олар тұтынушыға үйден шықпай-ақ тауар сатып алуға мүмкіндік береді. Мәселен, базардағы сәбіз 100 теңгеден сатылса, Onay Bazar-да 85 теңге ғана тұрады», — деді ол үкімет отырысында.

Айтуынша, фермерлердің отандық өнімді бәсекеге қабілетті бағамен сатуы үшін «Agro Labs» платформасы әзірленіп жатыр.

«Сауда саласын цифрландыру азық-түлік бағасын төмендетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз», — деді министр.

Қазір нарықта шамамен 13 қазақстандық сауда алаңы жұмыс істейді. Kaspi.kz, flip.kz, chocofamily, mechta.kz және де басқа электронды коммерция платформаларында тауарлар мен қызметтердің шамамен 20-дан астам категориясы бар.

Сондай-ақ, сауда министрлігінің қолдауымен «BTS Digital» компаниясы «PRICE SCANNER» қосымшасын әзірлеп жатыр. Ол әлеуметтік маңызды және де басқа да азық-түліктің бағасын бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, ведомство «бір терезе» қағидаты бойынша шағым қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды көздеп отыр. Бұл жүйенің көмегімен тұтынушы интернет арқылы шағымдана алады.



sputniknews.kz