«Самайына үшкір зат тығып, басына секірген»: Ақтөбелік жігітті аяусыз тепкілеп өлтірген – Қазақстан жаңалықтары

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Самайына үшкір зат тығып, басына секірген. Ақтөбеде үш адам аяусыз сабап, тепкілеп тастаған 28 жастағы жігіт ес жимаған күйі ауруханада көз жұмды. Сорақысы сол, төбелестің басы-қасында жүргендердің тек біреуі ғана қамауға алыныпты. Ал қалғандары бостандықта жүр. Марқұмның туыстарының ашу-ызасын да тудырып отырғаны да осы. Олар кінәлілердің барлығын жазалауды талап етіп отыр. 

«Самайына үшкір зат тығып, басына секірген»: Ақтөбелік жігіттің аяусыз тепкілеп өлтірген

Небәрі 28 жасында қаскөйлердің қолынан қаза тапқан Андрейдің жеңгесі оның өте ақкөңіл, бауырмал болғанын айтады. Ата-анасы ерте қайтыс болып кеткендіктен, әжесімен бірге тұрыпты. Соңғы рет оны жолдасымен бірге дүкеннің жанында көрген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап.

Төбелес шығарғандар дүкенге көлікпен келіпті. Ол ғимараттың видеобақылау камерасына жазылып қалған. Дүкеннен шыққан үшеу есік алдында тұрған Андрей мен жолдасына ұшырасады. Марқұмның туыстары олар өзара сөзге келіп қалғанын айтып отыр. Артынша ересек адамдардың досына жұдырық ала жүгіргенін көрген Андрей қарап тұра алмай, көмекке ұмтылыпты. 

«Мен жүгіріп келгенде Андрей жолдың бойында қан-қан болып, ес-түссіз жатыр екен. Аямай ұрып-соққандары былай тұрсын, басына бұрағыш тығу деген не сұмдық?! Ол аздай денесі алпамсадай Берік дегені басынан тепкілеп, тіпті секірген дейді», – дейді марқұмның туысы Виктория Криворучко.

Соққыдан басы мен миы қатты зақымданған жігіттің мүгедек болып қалуы мүмкін екендігін дәрігерлер ағайындарына алдын-ала ескерткен. Бірақ 4 күн комада жатқан Андрей есін жимаған күйі көз жұмды. Қайғыдан енді ғана естерін жия бастаған жігіттің туыстарына күдіктілердің біреуінің ғана ұсталғанын есту тағы бір соққы болып отыр.

«Біз төбелес шығарғандардың үшеуін де жауапқа тартуды талап етеміз! Тергеу жұмыстарының әділ өткенін қалаймыз. Осы жерде бәрін көзімен көргендер сөздерінен айнып, қашқақтап жатыр. Сол кісілерден көргенін айтып, істің әділ тергелуіне көмектесулерін жалынып сұраймын», – дейді марқұмның туысы.

Полицейлер Андрей Быковскийдің өліміне қатысты «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

«Күдікті 3 адам анықталды. Төбелес шығарған адам анықталып, қамауға алынды. Және де төбелеске қатысқан әр азаматтың өзінің орнын тергеу анықтап, содан кейін нақты шешім шығарылады», – дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Андрейдің туыстары оқиға болған күні жанында болған досының өзі куәгерлік еткісі келмегеніне ренжулі. Осы оқиғадан кейін ауылдықтардың бәрі жұмған ауыздарын ашпай отыр, дейді.

stan.kz

Загрузка...