Қызметкерлер пәтер жалдап жүргенде, мен тыныш ұйықтай алмаймын: Нұрхан Кәдірбаев пәтер жалдап тұратынын ашып айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Мемлекеттік қызметкерлер сұхбат беруден жиі бас тартады. Алайда, көрерменге актер, тележүргізуші ретінде танылып, бүгінде бір облыстың мәдениет басқармасының басшысына айналған Кәдірбаев Нұрхан Кенжебайұлы бұл қағиданы бұзып, Stan.kz тілшісіне экслюзив сұхбат берді. Ол өзінің жаңа қызметі, жеке өмірі мен экс-сахналық тәжірбиесі туралы айтты.

Нұрхан

Жаңа қызметіңіз құтты болсын. Бұл қызметке қалай келдіңіз? Не себеп болды?

Бұл қызметке мен аспаннан түскен жоқпын. Оны өзім қатарлас азаматтар жақсы біледі. Мен оқуды бітірер-бітірместен мәдениет саласында қызмет жасап келемін. Студент кезімнен бастап актерлік, ұйымдастырушылық, тележүргізуші ретінде де бағымды сынадым. Кейін кішігірім басшылық қызметтер басталды. Ең төменгі сатысынан бастап әртүрлі деңгейінен өтіп, осы қызметке келдім. Не себеп болды десеңіз?! «Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес» деген керемет сөзі себеп болды.

Десе де көп өнер адамдары халықтың назарын, қошыметін аңсап тұрады. Сізде осындай сезім бар ма?

Негізі, ол — рас. Бірақ, менің бойымда сахнада қызмет жасағаннан гөрі, сахна сыртында ұйымдастырушылықпен айналысқан ұнайды. Және бойымдағы қасиеттер де соған бейім.

Ендеше, сахнаға, теледидарға шығудың себебі не?

Бұл — менің бала арманым. Кішкентайымнан адамдар менің өнерімді көрсе деп армандадым. Сол мақсатта жұмыс жасадым. Арманым орындалған соң, келесі арман-мақсатқа қадам бастым.

Ал, сахна актер ретінде қайта оралуыңыз мүмкін бе?

Алланы күлдіргің келсе, жоспарыңды айт деген сөз бар. Сондықтан, жоспар-мақсаттарымды ерте айқайлағым келмейді. Алдымызда қандай өмір күтіп тұрғанын Жаратушымыз ғана біледі. 

Билікке келу үшін тамыр-таныс керек деген миф қалыптасқан. Қаншалықты шындыққа жанасады?

Әке-шешем Алматыға мені бір сөмкемен оқуға апарды. Оқу бітіргенше бақылап отырды.  Алматыда бір туысымыз жоқ.  Содан барлық кездескен адаммен аға-тәте деп сыйласып, танысып, бауыр тартып өстік қой. Өзім үшін жауап берейін. Тума-туыс, тамыр-таныстың көмегіне жүгініп көрген жоқпын. Тек бір шындықты айта өткім келеді. Егер сен жақсы жұмыс жасап жүрсең, сен туралы сыртыңнан достарың, сенің еңбегіңді көріп жүрген басшылар сен туралы жақсы нұсқаулық беруі мүмкін. Оны тіпті, сенің өзіңде байқаймай қалуың мүмкін. Бәлкім, менің де өмірім де сондай адамдар болған шығар. Бірақ, сенімді түрде айта алмаймын. Себебі, нақты ондай фактілер естімедім. Қандай жағдай болмасын адамға адам себепші болады ғой. Мен солай ойлаймын.

Ақтөбе мәдениетіне қандай өзгеріс әкелуге дайынсыз?

Ақтөбе мәдениетінде рекорд жаңартамын деу артық болар. Әлем мәдениетінде қандай жаңалық болса, сол лепке ілесуді көздеп отырмыз. Әрине, қолымыздан келгенше тың жаңалық әкелуге тырысудамыз. Мысалы, қазір — цифрлану кезеңі. Соған сай бізде көштен қалмай, алды болуға амал етудеміз. Қазір Ақтөбеліктер әртүрлі концерт, музей, театрға үйлерінен шықпай онлайн билет сатып ала алады. Қолдан келгенше тұтынушыларға жағдай жасауға тырысудамыз.

Президент жолдауына сай пәтер, айлық мәселесі қалай шешім таппақ?

Пәтер мәселесіне келер болсақ, басқа өңірлерге қарағанда біздің қаламызда 85% пәтермен қамтылған. Арнайы мәдениет қызметкерлеріне арналған үйлер бар. Президенттің жарлығына сай мәдениет қызметкерлерінің айлығы 35% өсуде.

Жеке өміріңізге қатысты сұрақтарға ауысайықшы. Ақтөбе облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы болып тағайындалған соң материалды тұрғыда және моральді тұрғыда өміріңізде не өзгерді?

Материалдық тұрғыда ештеңе өзгермеді. Керісінше, бір орында тұрып қалған сияқты көрінеді. Театрда басшы болып жүргенде қызық оқиға болды. Облыстық тепе-теңдікте тұрған пәтерді келісімшартпен уақытша алып тұру мүмкіндігі болды. Толықтай жөндеуін жүргізіп, сол үйге көшеміз деп жоспарлап отырған едік. Сол кезде жаңадан келген қызметкердің үйі жоғын біліп, сол азаматқа беріп, өзім пәтер жалдап тұра берген едім. Басқарма басшысы болғаннан кейін де  1-2 пәтерлер босады. Бірақ, сол жерге отбасыммен барып тұрайын десем өзімізге қарасты мекеме қызметкерлерінің пәтер жалдап жүргенін білгенде ол пәтерлерге тұруға ұялдым. 

Яғни, сіз өзіңіз пәтер жалдап тұрасыз ба?

Иә, пәтер жалдап тұрамын. Тағы бір шындықты айта өтейін. Ақтөбедегі жалдамалы пәтердің ең төмен бағасы 80 000 теңге. Ары қарай жоғарлап кете береді. Қазір мен бір танысымның несиеге алған пәтерінде тұрып жатырмын. Ол ай сайын несиеге 50 000 теңге көлемінде қаражат төлейді. Маған соны төлесең жеткілікті деп келісіп, төлеудемін.

Ал, моральді тұрғыда өзгеріс бар ма?

Қазақтың қанына сіңген қасиет қой. Адамдардың көзқарасы өзгереді. Саған деген кей адамдардың ниеті ауысады. Жақсы көрген адамдар жек көріп кетуі мүмкін. Немесе керісінше жек көріп жүргендер жақсы көруі мүмкін.

«Қазақ байыса — қатын алады» деген сөз бар. Тоқал мәселесіне көзқарасыңыз қандай?

Бірнеше жыл бұрын радиоға сұхбат бергенде қарсы емеспін деген едім. Қазір көзқарасым өзгерді. Менің ойымша, ер азамат отбасымен, бала-шағасымен бақытты. Басқа жерден бақыт іздеу ерсілеу сияқты.

Нұрхан Кәдірбаев өзінің еңбек жолын 2007 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртісі болып бастаған. Әр жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студент клубының өнер жөніндегі жетекшісі, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер мемлекеттік академиялық театрының директор орынбасары қызметін атқарған. Шенеунік лауазымын ие болмай тұрып, Ақтөбе облыстық Т. Ахтанов атындағы драма театрының жетекшісі қызметінде болған. 

 

stan.kz