Қытайдан ірі инвесторларды тартуға ықпал ететін заң жобасы мақұлданды

0
05 Желтоқсан 2018, 11:30 282 0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық әрекеттестікті дамытуға бағытталған заң жобасымен таныстырды.

«2016 жылдың желтоқсан айындағы Қазақстан мен Қытай басшыларының келісімдері аясында «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Қытайдың «Жібек жолы» қоры арасында бірлескен жобаларды инвестициялауға капиталдандыруы 2 млрд доллар болатын Қор құрылды. Қазіргі уақытта бұл Қор Қазақстанға инвестиция салатын ірі инвестициялық қорлардың бірі. Қазақстанның «Жібек жолы» қорымен ынтымақтаса жұмыс істеуге тәжірибесі жеткілікті. «Жібек жолы» қоры Астаналық қор биржасының жарғылық капиталына кірген. Жалпы капиталдандыру сомасы 55 млрд долларды құрайтын «Жібек жолы» қоры көлемі жағынан Қытайдағы ең ірі қор. Сол себепті, «Жібек жолы» қорының Астана Халықаралық Қаржы Орталығы биржасына акционер ретінде қатысуы Қытайдан ірі инвесторларды тартуға ықпал ететін болады», — деді Қасымбек.

Министрдің айтуынша, Қазақстан аумағындағы жобалардың негізгі капиталына салынатын инвестиция көлемі үлкен болатыны ескеріліп отыр. Сондықтан Қордың қызметіне қойылатын негізгі талаптардың бірі – дивидендтерге салынатын салықтан босату.

«Қазіргі уақытта Қытай тарапымен жоғарыда көрсетілген үкіметаралық келісімді ратификациялау бойынша тиісті жұмыс жүргізілді. Қазақстанда халықаралық шарттар аясында Халықаралық қаржы институттарын (Еуропалық Қайта құру және даму банкі, Азиялық инфрақұрылымдық инвестиция банкі) және жеке жобаларды (Абу-Даби Плаза) салықтан босатудың баламалы үлгілері бар екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар Қытай мен Қазақстанның өндірістік қуат қорының қатысуымен жобаларды іске асырудың ұтымды жақтары көп. Олар инновациялық технологияларды пайдалана отырып, өңірлердегі инфрақұрылымды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Жобаларды іске асыру мемлекеттен қаржы талап етпейді», — деді Жеңіс Қасымбек.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасы қаралды. Депутаттар заң жобасын мақұлдады.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ