Қытай компаниясы жұмысшыларымен жанжалда ондаған адам зардап шекті

0

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі тамыздың 6-сы күні Нарын облыстық бірлескен ауруханасынан дәрігерге қаралып шыққан қытайлық Zhong Ji Mining алтын өндіруші компаниясында жұмыс істейтін 19 адамның денсаулық жағдайы қанағаттанарлық деген ақпарат таратты. Тамыздың 5-і күні болған жанжал кезінде зардап шеккен жергілікті бір тұрғын ауруханада ем алып жатыр деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Сонымен бірге жанжал кезінде жарақаттанған қытайлық компанияның 28 жұмысшысы Бішкектің травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығына қаралған. Алғашқы медициналық жәрдем көрсетілгеннен кейін оларды амбулаториялық ем алуға жіберген.

ЖАНЖАЛ

Солтон-Сарыға тамыздың 6-сы күні таңертең Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Кубатбек Боронов, ішкі істер министрі Кашкар Жунушалиев және мемлекеттік жаза орындау қызметінің жетекшісі Мелис Турганбаев барды. Үкімет шенеуніктері мен жергілікті билік өкілдері сол жерге жиналған тұрғындармен келіссөз өткізуге талпынған еді. Бірақ тұрғындар «қытайлық компания жұмысшылары кен орнынан кетсін және жұмыс тоқтатылсын» деген талап қойған.

Дүйсенбідегі оқиғаның куәгері болған Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісінің хабарлауынша, тамыздың 5-і күні кеніш маңына жиналған 500-ге жуық жергілікті тұрғын қытайлық Zhong Ji Mining компаниясы салып жатқан комбинатқа бара жатқан кезде екі тарап арасында қақтығыс болған. Олар бір-біріне тас лақтырып, кейін жергілікті тұрғындар шетелдік компанияның жұмысшыларын ұрып-соққан. Ауыл тұрғандарының кейбіріне тас тиіп, жарақаттанғаны туралы хабарланды. Тұрғындар компания иелігіндегі бірнеше жүк көлігінің терезесін шағып, көліктерді басқа жаққа апарып тастаған.

Тамыздың 4-і күні осы жерде стихиялы пикет өткізген 30-ға жуық малшы содан бір күн бұрын болған жанжалға қытайлық компания жұмысшыларын айыптап, «кінәлілерді заң бойынша қатаң жазалауды» талап еткен еді. Ол жолы жиналғандармен кездесуге барған Нарын ауданы әкімінің орынбасары Жаныш Ибраимакунов соның алдында болған жанжалға құқықтық баға беріледі деп мәлімдеген.

Солтон-Сарыда тау-кен комбинатын салып жатқан қытайлық Jhong ji Mining компаниясының жергілікті тұрғындармен жұмыс жөніндегі бөлімінің өкілі Малик Камилов егер болған жайттың ақ-қарасын анықтау нәтижесінде компанияның кінәсі дәлелденетін болса, компания жауапкершілікті көтеруге әзір деп хабарлады.

МАЛ ҚЫРЫЛУЫ СЕБЕП БОЛҒАН НАРАЗЫЛЫҚ

Тамыздың 3-і күні Солтон-Сарыда жергілікті тұрғындар мен осы кен орнын игеріп жатқан компания өкілдері арасында шыққан жанжал салдарынан Оттук ауылының екі тұрғыны зардап шегіп, кейін Нарын облыстық ауруханасына түскен. Шетелдік компанияның 12 өкілінен Нарын аудандық ішкі істер бөлімінде жауап алған.

Қырылған малды көрсетіп тұрған жергілікті тұрғын. Қырғызстан, Солтон-Сары, шілде, 2019 жыл.

Қырылған малды көрсетіп тұрған жергілікті тұрғын. Қырғызстан, Солтон-Сары, шілде, 2019 жыл.

Биылғы шілде айында әлеуметтік желіде «Солтон-Сарыда жаппай мал қырылғаны» туралы видео тарағаннан кейін жергілікті тұрғындар арасында кен орнын игеріп жатқан қытайлық компанияға наразылық күшейген. Кейін бұл істі тексерген мемлекеттік комиссия тұрғындардың «мал судан уланып қырылған» деген долбарын жоққа шығарған. Тексеру барысында мал өлексесінен паразиттер табылған және ауру жұқтырған малдың егілмегені анықталған.

Бұл туралы Солтон-Сарыға шілденің 25-і күні барған Қырғызстанның мал дәрігерлік және фитосанитарлық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекциясы жетекшісі Калысбек Жумаканов мәлімдеген. Ал мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет басшысы Толонбай Исаков мал шығыны болған аудандағы топырақ пен су құрамынан цианид ізі табылмағанын хабарлаған. Ол Солтон-Сары кен орны мен онымен іргелес жайлаудағы радиация деңгейі нормаға сай екенін айтқан.

«ЗАҢ ТАЛАБЫН БҰЗҒАНЫ АНЫҚТАЛДЫ»

Кейін жергілікті тұрғындармен кездесуге Солтон-Сарыға барған Қырғызстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Кубатбек Боронов кен орнын игеріп жатқан қытайлық Jhong ji Mining компаниясының жұмысында заңға қайшы жайттар анықталғаны туралы мәлімдеген.

«Компания жұмысында бірқатар заң бұзушылық бар, оны тиісті мемлекеттік органдар зерттеп болған соң, барлығын ретке келтіру жайлы талапты тапсырады. Олар барлығын түзейді. Ең бастысы, компания жұмысы адамдардың денсаулығы мен экологияға зиян тигізбеуі керек. Компания өз жұмысын еліміздің заңына сәйкес атқаратын болады. Біз бұл жайттарды бақылауға аламыз» деген Боронов.

Солтон-Сары жайлауындағы жиын. 25 шілде 2019 жыл.

Қытайдың Jhong ji Mining компаниясы Қырғызстанның Солтон-Сары кен орнында геологиялық барлау және кенішті игеру жұмыстарымен айналысуға лицензияны 2012 жылы алған. Биыл компания кен орны маңында алтын өндіретін комбинат құрылысын салуды жоспарлап отыр.

Болжам бойынша, Солтон-Сары кен орнында 11 тонна алтын қоры бар. Оны игерумен айналысып жатқан қытайлық компанияда 160-тай жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Кәсіпорындағы орташа еңбекақы көлемі – 20-25 мың сом.

Azattyq