«Құдайға жатпай-тұрмай дұға жасаңыз»: Мұхамеджан Тазабек тұрмысқа шыға алмай жүрген қыздарға кеңес берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Белгілі айтыскер ақын, қоғам қайреткері Мұхамеджан Тазабек Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат беріп, еліміздегі қоғамдағы өзгерістер мен мәселелерге қатысты өз пайымын берді. Билікке көңілі толмайтын азаматтар не істеуі қажет? Оң жақта отырып қалған қыздарға тұрмыс құрудың амалы қандай? Осы туралы және 82 жасында қайта төсек жаңғыртып, елді шулатқан Нұрғали Нүсіпжановтың қылығын қалай бағалайтынын білдік. Сұхбаттың басы…

Тазабек

Тұрмысқа шығу үшін Нұрғали атамыз секілді 82-дегі атақты ақсақалдың етегінен ұстау шарт емес

–    Жақында 82 жасқа толған шағында халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов атамыз қайта төсек жаңғыртты. Оң жақта отырып қалған бір аруымыздың бағын ашты. Десе де, әлеуметтік желіде ол кісіні бірі құттықтап жатса, енді біреулер жерге алып, жерге салып жатыр…
–    Нұрғали ағаның басындағы жағдайға бірдеңе айту үшін, ағаның қасында жүрген адам және ол кісінің тағдырынан толық хабардар болуың қажет. Құранда «Білмеген нәрсенің ізіне түспе» деп айтады. Ал, жалпы бұл жағдайдың негізіне қарасаң, дұрыс. Өйткені некенің ең үлкен шартының бірі – көпшілікке жария ету. Ал, жас айырмашылығы, ол кісінің әйелі бар ма, жоқ па бұлар басқа нәрселер. Сол үшін бұл некені айыптаудан бас тартамын. Ағамыз неге ондай шешімге барды немесе жеңгеміз неге келісім берді? Қалай орын алды, бұл біздің шаруамыз емес. Бірдеңе айтқымыз келсе, түбегейлі зерттеп алайық. 
–    Мәселен, мен оң жақта отырып қалған қызбын делік. Өз қатарластарымнан күйеуге шығатын адам жоқ. Ал өзім үшін бала туып алайын десем, қоғам қарсы. Сонда некесіз бала туғаннан гөрі, жаңағыдай үлкен ақсақалға тұрмысқа шыққаным артық па?
–    Ең дұрысы адал жолмен неке қиып, адал жолмен бала тууды ойлау керек. Саған керек болды, туып алдың, ертең оған әке керек болмай ма? «Өз жұртым кім», деп санасы сан саққа жүгірмей ме? Неге біз өз бақытымызды ғана ойлап, өзгенің тағдырын жарымжан қылғымыз келеді? Өмірде адамдардың қате амалдары көбейген сәтте, ол қате өмір сүре бастайды. Қате өмір сүрген адам, қате шешімдер қабылдайды. Қате шешімдердің бірі — өзім үшін бала туып алайын, ойнас болайын дегенге келеді. Сіздің жасыңыздағы қыздарға шешімдер көп.  Құдайдан жатпай-тұрмай тілеу тілеп, дұға жасаңыз. Алайда, оның орнына кей бойжеткендер өзінің бақытын көшеден бала табудан немесе отбасы бар адаммен ойнас болудан іздей бастайды. Сөйтеді де қорланады, аяққа тапталады. Біраз уақыттан кейін «өмір аямайды, қиянатшыл» деп қараңғы түнде айға қарап, мұң айтып, айнағаға қарап, жылайды. Бір сүріну жүз жығылуға апарып, ақыр соңында тізесін құшақтап қалады. “Құдықтың түбінде жатқан құрбақаға аспан теңгедей болып көрініпті” дейді. Сіз де әлемді сол шеңберде көріп жүрсіз. Ортаны өзгерту керек. Тұрмысқа шығу үшін Нұрғали атамыз секілді 82-дегі атақты ақсақалдың етегінен ұстау шарт емес. Өмірде сіз ойламаған нұсқа көп. Әр нәрсені өз жұбымен жаратқан Жаратушымыз,  қол жайған құлына лайықты теңін жолықтырады. 

 

Биліктен айлық алып жүріп,  оның арқасынан пышақ ұрмай, жігіттігіңді көрсет

–    Instagram-парақшаңызда оқырмандардан «Неге халықты сабырға шақыра бересіздер, биліктің қатесін ашып айтпайсыздар?» деген пікірлер көп жазылады екен. Расымен де өзіңіз секілді белгілі азаматтар кемшілігін айтудан қымсынады. Неге?
–    Әлеуметтік желіде жұртты сабырлыққа шақырамын. Биліктің кейбір кемшілктерін көріп тұрсам да жалпыға жария ете бермеймін. Қатені де дұрыстап түзетпесең, ол қасіретке алып барады. Кемшіліктерді кеңірдек жыртып айтқаннан гөрі амалдап, әрекет жасап, қателіктерді түзетуге үлес қосқанды дұрыс санаймын. Ол төрт түрлі жолдан тұрады. Бірінші, білімің жетсе, мүмкіндігің келсе оппозиция жағына шық. Биліктен айлық алып жүріп, оның арқасынан пышақ ұрмай, ресми түрде жігіттігіңді көрсет. Партия құр, төңірегіңе кісі топта, қаржы жұмса. Сөйтіп сайлауға түс те, жеңіске жет. Әрине, «ойбай, ол мүмкін емес, сындырып тастайды» деп, сылтау айтатындар жетерлік…

сұхбат

Екінші, егер оппозиция болып жеңе алмасаң, онда мәселені белгілі бір тұлғаларға әсер ету арқылы ретте. Министрге, әкімге сөзі өтетін кісілерді ортаға қос, сөйтіп қоғамдағы мәселелердің оң шешімін табуына әсер ет. Үшінші, танымал тұлғаларға шыға алмайтын қарапайым адам болсаң, онда ұл-қызыңды елдің тізгіні ұстар азамат етіп тәрбиеле. Әділ шенеунік, әрекетшіл тұлға болсын. Ең болмаса, өскенде елге пайдасы тиер кәсіпкер болсын. Егер ондай ұл-қызың жоқ болса, онда құдайға дұға қылшы. Жұма намазына барып, маңдайыңды сәждеге қой. Алладан ел басқаратын әділ адам беруін тілеп, дұға жаса. Еліңнің патшасын, әлемдердің Раббысымен реттеп ал. Міне, осы төрт тірлікті істей алмасаң, онда құры әлеуметтік желіде отырып алып, өкпе-реніш айтпа. Әлеуметтік желіде биліктің кемшілігін ашып, халықты ызаландырып отырған адамдардың көпшілігін танимын. Соның көбісі – жоғарыға жеке реніші бар, өкпелі адамдар. Біреуі қызметте жолы болмай, екіншісі тендерін шеше алмай немесе ұл мен қызын ойлаған жеріне қондыра алмай қалған, «жемқорлық» жасай алмай қалған адамдар. Менің де жолымды жауып, аяғымды шалғандар жетерлік. Бірақ өкпемді кеңдікке, ренішімді әрекетке алмастырып жұмыс жасап жатырмын. Жеке ренішімді көптің атынан түгендеп, жүрегімді қарайтқым келмейді. Оппозиция болуды өзім қолдамағандықтан, қалған үш бағыт бойынша қолдан келген қам-xарекетімді жасап жүрмін.
–    Айтыс алаңында жүріп он бес автокөлік мінгеніңізден хабардармын. Әлі де жүрсеңіз, бірнешеуін алар едіңіз. Айтысқа қайта оралу ойыңызға келе ме? Кейде айтысты сағынбайсыз ба? 
–    Айтыста өзімнің айтарымды айтып, берерімді бердім. Менен басқа айтысатын адам қалмай бара жатса, ол сахнадан кетпес едім. Қаншама талантты қыздар, дарынды ұлдар бізден де асырып өнер көрсетіп жатыр. Сол кездегі танымалдылығымды қазір жеке басыма ғана жұмсап жатқан жоқпын. Мен қоғамда қажетті болған руханият мәселелеріне үлесімді қосып жүрмін. Айтыс сахнасынан кеткеніммен, айтыс-тартыстың ортасындамын. Әлеуметтік желіде өз ойымды жазып, кейбір мәселелерге септігімді тигізіп жүрмін десем де болады. Сондықтан айтыс сахнасын аңсап тұрамын десем, өтірік болады. 
–    Бір кездері Жүрсін Ерманды айтыстан шеттетпекші болғаныңыз туралы көп жерлерде айтылады…
–    Бұл — Жүрсін аға екеуміздің арамыздағы жақсы қарым-қатынасты білмейтін адамдардың сөздері. Кейбіреулер «барды көрмейді, іздегенін көргісі келеді». Мен ешуақытта айтыс билігін алайын деп ойлап көрмеппін. Ол өте бейнетті шаруа. Ұсынса да бас тартар едім. Керісінше Жүрсін ағаның жүйкесі тозып, жігері қайтып жүрген шақта биліктегілерге шығып, айтыстың қайта жаңғыруына аз-кем ықпал еткенім рас. Бұл ісімді ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ біреудің көтерген туына қол созып, қамшысына таласқан адам емеспін. Бұл қолына қалам мен микрофон ұстағандардың өз көңілінің қалауына қарай бұрмалап жазып жүрген дүниелері.

–    Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН

stan.kz