Қостанай облысында шұжықтың көмегімен 12 миллион теңгенің ұрлығы ашылды

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Тәртіп сақшылары шұжықтың көмегімен ұрылардың ізіне түсіп, оларды шұғыл түрде құрықтаған екен

АЛМАТЫ, 21 ақпан — Sputnik. Қостанай облысы Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері жеке үйден ұрланған 12 миллион теңгенің қылмысын ізін суытпай ашты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Үй иелері балаларын мектепке апару үшін жарты сағатқа шығып кеткен. Осы сәтті пайдаланып, белгісіз біреулер ас бөлменің терезесін сындырып, қомақты қаражатты ұрлаған.

«Жедел-тергеу тобы оқиға орнын тексеру барысында ақшаның қонақ бөлмесінде сөмкенің ішінде тұрғанын және қаражаттың үй сатып алу үшін жиналғанын анықтады», — деп хабарлады полиция.

Полицейлер қылмыс орнында шұжықтың бір бөлігін тапқан. Кейін оның аулада жүрген итке лақтырылғаны анықталды. Шұжықтың штрих таңбасы сақталып, тәртіп сақшылары сол бойынша өнімнің сатылған орны мен уақытын анықтапты.

Аталған айғақ көмегімен полиция қызметкерлері үйінде ақша бар екенін білетін және жәбірленушімен жақсы қарым-қатынаста болған танысына шыққан.

«Күдікті өзінің үш танысымен бірлесіп, үй иелері жоқ болған кезде осындай қылмысқа барған», — дейді Оңтүстік полиция бөлімінің жедел бастығы Серік Нұртаев.

Тағы оқыңыз: Талдықорғанда ұры жүргізушілерге үндеу жасады – видео

Қылмыс жасаған барлық төрт күдікті Қостанай қаласында ұсталды. Олардан заттай дәлелдер мен айғақтар, яғни ақша және сөмке табылды. Кінәларын толығымен мойындаған ұрылар 12 миллион теңгенің шамамен екі миллионын өз керегіне жұмсап үлгерген.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктілердің басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бары тексеріліп жатыр.



sputniknews.kz