Қорғаныс министрлігі әскери адамның қалай қаза тапқанын айтты

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Жарылыс кезінде әскери қызметкерлер өз күштерімен өрт сөндіруді жалғастыра берген

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектанов Арыста қаза тапқан әскери қызметкер туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Жарылыс басталғанда біздің әскери қызметкеріміз өрт сөндіруді жалғастыра берген. Олар танктердің көмегімен №2 және №3 техникалық аймақтағы өртті өз күшімен сөндіріп үлгерді. Ал қаза тапқан жігіт бірнеше жыл әскери қызмет атқарды. Ол өрт сөндіру кезінде қаза тапқан сияқты. Қазір біз осы жағдайды жан-жақты анықтап жатырмыз. Әскери қызметкер келісімшартпен жұмыс істеген», – деді Бектанов журналистерге берген сұхбатында.

Арыс қаласына кешеден бері шамамен 500 сапер тартылды. Бұдан бөлек, арнайы техника бар. Алдымен Арыс қаласына жақын маңдағы әскери оқ-дәрілерді шығару міндеті қойылды.

«Бүгіннен бастап тағы 1800 адам жіберіліп отыр. Олар снарядтар ұшқан жерлерді зерделейді. Сондай-ақ, төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарына атсалысады. Әскери полиция да патрульге шығып жүр», – деді Бектанов.

Оның айтуынша, әскери қоймада саналуан снаряд сақталған. Соның ішінде артиллериялық оқ-дәрілер де бар. Әуе қорғанысына арналған снарядтар болмаған. Бүгінде әскери қойманы басқа жерге көшіру жайлы шешім қабылданып отыр.

Тағы оқыңыз: Ішкі істер министрі Арыс қаласындағы ахуал туралы айтты

«Әскери қоймалар қалаға жақын жерде орналасқан. 200 метрге дейінгі аралықта да бар. Негізі, ереже бойынша әскери қоймалар үш шақырым шалғай жерде орналасуы қажет. Біз бірнеше рет ол аралықты 10 шақырымқа жеткізуге қатысты ұсыныс жасадық. Бірақ ол үшін адамдарды басқа жерге көшіру керек. Теміржол желісі де өтеді. Оны да ауыстыру қажет. Осыған байланысты әскери қойманы басқа жерге көшіру туралы шешім қабылданды», – деп атап көрсетті Бектанов.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні сағат 9.30 кезінде Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылды. Әскери бөлімдегі жарылыстан кейін Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына барып, жарылыстан қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарды аралады.

Төтенше оқиға салдарынан екі адам қаза тапты. Қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер органдары жағдайды өз бақылауына алды.



sputniknews.kz

Загрузка...