«ҚМГ Өнімдері» бас директорының не үшін айыпталғаны белгілі болды

2

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Youtube арнасында «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС бас директоры Қуандық Құлмурзиннің ұсталған сәтінің видеосы жарияланды деп хабарлайды NUR.KZ.

«Ол өзіне бағынышты «ҚМГ Өнімдері» ЖШС ШҚО филиалы директоры міндетін атқарушыдан жалпы қамқорлығы үшін 4,3 миллион теңге сомасында пара алды деп күдіктелуде. Екі адамға қатысты кінәні мойындауға байланысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасуда», – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова.

Өкілдің сөзінше, жалпы кепілдің сомасы бес млн теңгені құрайды.

Айта кетейік, Қуандық Құлмурзин «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС басқарма төрағасы қызметіне 2017 жылдың 12 қазанында тағайындалған. Одан бұрын ол Мұнай және газ министрлігінде Мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры болған.