Қазақстанға қатысты тарихи құжаттар жарияланды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

5 0 0

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 28 жыл толып отыр. Елдің басты мерекесі қарсаңында ұлттық архив бірқатар тарихи құжаттың суретін жариялады

НҰР-СҰЛТАН, 13 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның ұлттық архиві Тәуелсіздік күніне арналған виртуалды көрме ашты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Виртуалды көрмеден Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы президенті қызметіне кірісу, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі мен азаматтығы туралы тарихи құжаттармен танысуға болады. Көрме еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күніне орайластырылған.

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы заңда «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілсін» деп жазылған.

Құжатқа 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған екен.  

Ал Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің Қазақстан президенті қызметіне кірісу туралы қаулысында Назарбаевтың 1991 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасы президенті қызметіне кіріскені көрсетілген.

Тағы оқыңыз: Президент Сара Назарбаева мен Димашты марапаттады

Сондай-ақ, 1991 жылы 16 желтоқсанда Елбасы қол қойған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңының суреті де жарияланған. Құжат 7 тарау 18 баптан тұрады.

Заңның бірінші бабында «Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және хұқылық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленеді, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргізеді» делінген.  

Биыл – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 28 жыл. 16 және 17 желтоқсанда тойланатын мереке осы жылы дүйсенбі мен сейсенбіге түсіп тұр. Сол себепті, қазақстандықтар төрт күн қатарынан демалады – 14, 15, 16, 17 желтоқсан.

Нұр-Сұлтанда 16 желтоқсанда қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік отшашу ұйымдастырылады. Оны Есіл өзенінің жағалауынан (Сарыарқа ауданы, Орталық саябақ), Хан шатыр маңында (Есіл ауданы), сондай-ақ Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысында (Алматы және Байқоңыр аудандарының қиылысында) тамашалауға болады. Отшашу жергілікті уақытпен сағат 21:00-де басталып, 10 минут бойы жалғасады.



sputniknews.kz

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз